Алматыда шахматтан U20 чемпионаты аяқталды

Алматыда классикалық шахматтан 20 жасқа дейінгі бозбалалар мен қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Биылғы жарыс алғаш рет «жаңа классика» форматында өтті – әр партияға 60 минуттан беріліп, әр жүріске 30 секунд қосылып отырды. Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 109 жас шахматшы жиналды. Биыл чемпиондық тұғыр Алматы қаласының 18 жастағы өкілі Ерлан Тілеуханов пен Түркістан облысының 15 жастағы тумасы Әсия Асылханға бұйырды. Екеуі де 9 мүмкін ұпайдың жетеуін еншілеп, үздік перфоманс арқылы топ жарды. Чемпиондарға ақшалай жүлде табысталды. Енді олар халықаралық ареналарда ел намысын қорғайды.
ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өткен чемпионат жас спортшыларымызға өзін көрсетуге және әлемнің ең беделді алаңдарында Қазақстанның намысын қорғауға дайын екендіктерін дәлелдеуге мүмкіндік берді. Мұндағы әрбір партияның артында көп уақыт бойғы дайындық, батыл идеялар мен биік амбициялар жатыр. Жас шахматшылар медаль алу үшін ғана емес, жарқын кәсіби болашағы туралы арманын іске асыру үшін де күресті. Біз олардың табандылығын ерекше мақтан тұтамыз және осынау қиын, бірақ қызықты жолда оларға қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біздің міндетіміз – олардың қасында болу, жаңа мүмкіндік жасау және қажетті ресурстар беру.
———————————————