М. Төлепбергенұлы: Майдандағы күндер ешқашан есімнен кетпейді

Биыл Шымкентте Ұлы Жеңістің 80 жылдығына небәрі екі ардагері куә болмақ. Солардың бірі – жауға қарсы жанын шүберекке түйіп шайқасқан Мұраталы Төлепбергенұлы. Жүз жасқа келсе де, қария тың, санасы сергек. «Майдандағы күндер ешқашан есімнен кетпейді», – дейді ардагер. Ол жастарға бейбіт өмірдің бағасын білуді аманат етеді.
Мұраталы Төлепбергенов соғысқа он сегіз жасында аттанған. Майдангер Брест қамалы, Варшава, Данциг, Биттенбергті азат ету жолындағы ұрыстарға қатысқан. Жауынгерлік жолын Германияның Биттенберг қаласында аяқтап, елге 1950 жылы оралады. Соғыс басталғанда бір үйдің бес ұлы бірдей майданға аттанған. Алайда тек үшеуі аман оралды. Ардагер екі рет «Ерлігі үшін», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.

МҰРАТАЛЫ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, ҰОС АРДАГЕРІ:
— Неміске қарай 10 оқ атылса, соның 7-8 Шымкенттегі қорғасын зауытынан шыққан. Шымкент қарулы күш шығарған. Зеңбірек шығарған. Пулеметтерді шығарған. Соның арқасында біз жеңіске жеттік. Бүкіл халық немістің қол астында қор болып кетпейік дедік.

Мұраталы Төлепбергенов соғыстан оралған соң үйленіп, екі ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда 21 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Бүгінде 100 жасты еңсерген қария тың, ойы да сергек.

БЕКЖАН ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, АРДАГЕРДІҢ ҰЛЫ:
— Аталарыңның жағдайы жақсы. Өзі тұрып, жүреді. Себебі аталарың жас кезде көп еңбектенген. Жаяу жүрген, атпен көп жүрген.

Әсіресе мереке қарсаңында ардагердің шаңырағынан мейман үзілмейді. Майдангердің батасын алуға асығатындар көп. Ал Мұраталы ақсақал бейбіт күннің қадірін білуді өсиет етеді.
———————————————