Астанадағы «Шапағат» базары отқа оранды

Бүгін елордадағs «Шапағат» базары отқа оранды. Ғимараттың екінші қабатында орналасқан 10 бутик күлге айналды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, өрттің жалпы аумағы – шамамен 400 шаршы метр.
Бұл – Астанадағы ең ірі сауда орындарының бірі «Шапағат» базарынан өрт шыққандағы көрінісі. Іштегі халық бастапқыда мұны түсінбей қалған. «Жұмыс күніне дайындалып жатқанда, күтпеген жерден дабыл жүйесі іске қосылды», — дейді саудагерлер. Бір сәтте бәрі сыртқа қарай бет алған.

«Шапағатты» шарпыған өрт туралы хабарлама «102» нөміріне таңғы сағат 10:03-те түскен. Араға 9 минут салып, мамандар оқиға орнына жеткен. Бірақ шатырдың күрделі құрылымына байланысты тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соққан.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— ТЖД өкілдерінің мәліметі бойынша оқиға орнында жедел штаб құрылып, үш жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің бес буыны жұмылдырылды. Өрт орнына судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету үшін өртке қарсы гидранттарға қосылған 3 автоцистерна орнатылды. Тілсіз жауды ауыздықтау мақсатында жеке құрамның 71 адамы және ТЖД техникасының 20 бірлігі тартылған.

Өрт түске қарай бір-ақ оқшауланды. Оттың шығуына нақты не себеп болғаны белгісіз. Шығын мөлшері де беймәлім.

САЯТ ҚАЖЫМОВ, ТЖД ӨКІЛІ:
— Жалпы ауданы 2400 шаршы метр болды. Екінші қабатта орналасқан сауда бутиктері өртенді және төбесі жанды. Зардап шеккендер жоқ. Барлық адам уақытылы эвакуацияланды. Қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі анықталады.

Шапағат базарында өрттің шығуы бірінші рет емес. Бұған дейін де бірнеше мәрте елді дүрліктірген болатын. 4 жыл бұрын керамогранит астындағы жылытқыш пен жабыны өртенсе, былтыр ғимарат ішіндегі асхана отқа оранған болатын.
———————————————