Атырауда жоғары сынып оқушылары өзінен кішілерді тепкінің астына алып, ақша сұраған. Әлімжеттік көрсетіп, мәжбүрлі түрде жұмысқа салмақ болған. Қазір оңбай таяқ жеген оқушылар дәрігер бақылауында. Полиция осы дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Таяқ жегені де, таяқтағаны да бір мектепте оқиды. 8 сыныптың жасөспірімдерін жоғары сынып оқушылары жұмысқа жегіп, табысты өздері алмақ болған. Ырыққа көнбегендерін аяусыз соққыға жыққан.
ТІЛЕКШІ ҚАЛИПА, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ АНАСЫ:
— Шаруаға шақырады екен, бұл ұлдар бармаған соң ұрып-соққан. Аяусыз ұрған, баламның басынан соққан. Біреуге айтатын болсаңдар, осындай тағы қайталанады деп қорқытқан. Ақша сұраған. Біз ұрған балалардың жаза арқалауын талап етеміз.
Таяқ жеген екі оқушы қатты соққыдан есінен танып, дәрігерге жүгінген. Қазір жағдайлары қалыпты.
ҚҰРАЛАЙ ШАМАРОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ АНАСЫ:
— Заңды түрде бізге шешімін берсін дейміз. Себебі, біз біліп тұрмыз бұл жағдайды жай жауып тастасақ, кешірім беріп, тағы да қайталануы мүмкін.
Ал мектеп мұғалімдері әлімжеттік жасаған оқушылар туралы оң пікірде. Олардың оқуда озат екенін алға тартады.
БОЛАТ ХИСМЕТОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Бірақ бұрын-соңды мұндай тәртіпсіздік жасаған оқушылар емес. Олар ешқандай есепте тұрмайды, тіпті мектепішілік есепте тұрған жоқ. Бұл іспен полиция айналысып жатыр. Тергеп-тексеріп, анықтау шаралары басталды.
МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Кәмелетке толмаған күдіктілердің болуына байланысты олардың заңды өкілдерінің қатыстырылуымен жауаптар алынуда. Сондай-ақ құқықбұзушылыққа жол берген жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне алынып, оларға қатысты іс-құжаттар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданады.
Қазір дәрігерлер: «Екі оқушының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», — дейді. Ал қалалық білім бөлімінің мамандары дәл осы оқиғадан соң барлық мектепте тексеру жүргізбек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.