Қазақстандағы су шаруашылығының жағдайы тек қағаз жүзінде өте жақсы. Өмірде олай емес. Осылай деген Мәжіліс депутаттары бүгін үкімет сағатында Су ресурстары және ирригация министрін сұрақтың астына алды. Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы саласын реформалау бойынша не істеліп жатқанын жіпке тізді.
Су министрінің 15 беттік баяндамасын тыңдап болған депутаттар Нұржан Нұржігітовтың жұмысына көңілі толмайтынын білдірді. Қазақстанның қай аймағын алмайық, су тапшылығы бар. Батыс Қазақстандағы Қазталов ауданы халқын сумен қамту үшін жыл сайын Ресейден 5 млрд теңгеге су сатып аламыз. Аймақта 10 жыл бұрын су қойма құрылысы басталған, әлі біткен жоқ.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Ертең екі су қойманы соғамыз. Оның сыйымдылығы – 50-60 млн текше метр. Ал біз Ресейден жылына сол жерге 350 млн теше метр алып отырмыз. Сондықтан бұл әрі қарай жалғасады. Себебі сол елді сумен қамтуымыз керек. Су жерге кеткенімен, өз жерімізге кетіп жатыр. Ол су жалпы экологиялық әсерін береді. Сондықтан біз қаражатты бекер беріп жатырмыз деп айта алмаймыз.
Депутат Ерлан Сайыров өңірлерде, әсіресе оңтүстікте су ұрлығы көбейіп кеткенін айтты. «Бұған бірінші кезекте «Қазсушар» мекемесі басшылығының қатысы бар», — деді.
ЕРЛАН САЙЫРОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Біз аймақтарға барған кезде «Қазсушардың» азаматтары жергілікті халыққа суды өздерінің парқымен заңсыз береді деген ақпарат бар. Осы мәселені қашан жоясыздар? Жылына су ресурстарының 40% заңсыз кетеді екен. Ең бірінші, ірі жобаларды іске асырмас бұрын бар суды шаруашылыққа үнемді пайдалану мәселесін қоюымыз керек. Сіздер әлі күнге дейін бар қолымызда суды үнемдеу механизмін реттеген жоқсыздар.
НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Қара нарыққа байланысты айтқаныңыз рас. Бүгінгі күні бүкіл республика көлемінде «Қазсушармен» келісімшарт жасамай, суды алу деген мәселелер бар. Біз оны былайша шешіп жатырмыз. Шаруа қожалығы суды келісімшартқа сай алды немесе көп алды, кассаға қанша ақша түсті немесе түскен жоқ деген мәселені космомоторинг арқылы енгізейін деп жатырмыз.
Ал Павел Казанцев Астанада су тапшылығы қайталана ма деп алаңдайды. Екі жыл бұрын елорда тұрғындары нағыз қайнаған шақта сусыз қалып, бір тамшы суға зәру болды. Мәжілісменнің айтуынша, астаналықтар әлі күнге дейін суды 50 жыл бұрын салынған жалғыз су қоймадан ішіп жүр.
ПАВЕЛ КАЗАНЦЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Елорда тұрғындарының бәрі дерлік су тапшылығын басынан өткергенін ұмытпаған болар. Тұрғын үй құрылысының қазіргі қарқынын ескерсек, бұл мәселе алдағы уақытта одан әрі ушығуы мүмкін. Қосымша су көзі қалада әзір жоқ. Астананы сумен қамту мәселесі қалай шешілмек?
Құрылыс вице-министрі бас шаһарда бүгінгі таңда су тапшылығы жоқ деп тыныштандырды. Екі жыл бұрынғы су коллапсынан кейін Астанада №3 су бекеті іске қосылған. Ол тәулігіне 410 мың текше метр су жеткізуге қауқарлы.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
— Депутаттар Ақтөбе облысында орналасқан жерасты тұщы суының баға жетпес қоры Көкжиде жайын да көтерді. Оның аумағында қазір 5 мұнай компаниясы жұмыс істеп жатыр. Олар қашан кетеді деп сұрады мәжілісмен Қазыбек Әлішев. Су ресурстар министрі мұнай өндіруді кезең-кезеңімен тоқтату жоспары бар екенін айтты. Бәрі ойдағыдай болса, 2033 жылға дейін Көкжидеде ешбір мұнай компаниясы қалмауы тиіс.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.