Домбыраға отыз жылдан астам өмірін арнаған Айгүл Биназарова бүгінге дейін қазақтың талай ұл-қызын өнерге баулып, дарынды шәкірттердің тұтас бір буынын тәрбиелеген ұстаз. Оның айтуынша, домбыра – тек аспап емес, ол ұлттың үні. Сол үнді Айгүл апай шәкірттері арқылы аманаттап келеді.
Айгүл Биназарова бар ғұмырын домбыра тарту мен шәкірт тәрбиелеуге арнаған. 32 жылда талай таланттың қанатын қатайтқан. Ұлттық өнермен қатар, бойларына атадан қалған асыл мұраны да сіңірді.
АЙГҮЛ БИНАЗАРОВА, ДОМБЫРА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
— Ансамбль қазақтың дәстүрлі күй өнерін сақтап, балаларды өнерге баулу, өнерлі балаларды сахнаға шығарып, өнерімізді дамыту мақсатында құрылды.
Осыдан 5 жыл бұрын мектепте «Жезкиік» ансамблі құрылды. Бүгінде оған ондаған оқушы мүше. Бәрі қос ішекті күмбірлете тартатын дарын иесі.
ДАРИНА БИНАЗАР, ШӘКІРТІ:
— Айгүл апай маған тек домбыра тартуды ғана емес, өнерге деген махаббатты, жауакершілікті және де сахна мәдениетін үйретті. Апай бізге әрқашан қолдау көрсетіп, шабыт беріп отырады. Ай апайдың арқасында мен осындай дәрежеге жеттім.
Бүгінде ансамбль бағындырған белес аз емес. Бес жыл ішінде музыкалық ұжым көптеген байқауға қатысып, бірнеше рет жүлделі орыннан көрінді. Жалпы ұстаздық еткен жылдары Айгүл апай балаларға ғана емес, әріптестеріне де жол сілтеуші бола білді.
ДӘУРЕН МАМЫРХАН, №185 МЕКТЕПТІҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Айгүл апайымыз тек музыка пәні мұғалімі емес, оқушылармен және мектебімен, ұжыммен етене байланысып, өзіндік имиджін қалыптастырған кісі.
Айгүл Биназарова – өнер мен тәрбие жолын өмірлік мұраты еткен жан. Домбыра арқылы ол шәкірттеріне тек күй шертуді емес, ұлттық дәстүрді дәріптеп келеді. Себебі ұлттың құндылығы – оның өнерінде, ал сол өнерді алға сүйрейтіндер – осындай жанашыр ұстаздар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.