Қызғалдақпен суретке түсіп, әлеуметтік желіде жариялаған округ әкімі сотталуда

Ақтөбе облысында қызғалдақпен суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге жариялаған округ әкімі сот алдында жауап беруде. 35 жастағы мемлекеттік қызметші кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және күтіп бағу міндеттерін орындамағаны үшін сұралып жатыр. Алайда әкім мұндай айыппен келіспейді. Айтуынша, табиғат аясында болған отбасылық демалыс кезінде дала гүлдерін оған кішкентай қыздары сыйлаған. Ал ол жерде өсімдікті жұлуға тыйым салынғаны туралы ешқандай ескертпе болмаған. Сот барысында бұл қызғалдақтың нақты Қызыл кітапқа енген-енбегенін тәртіп сақшылары айта алмады. Себебі сараптама жүргізілмеген. Жалпы елімізде қызғалдақты жұлғаны үшін 11 миллион теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
ЛӘЗЗАТ БЕРДІБАЕВА, ОКРУГ ӘКІМІ:
— Қыздарымның әрекеті табиғатқа зиян келтіру емес, анасына қуаныш сыйлау мақсатында еді. Алайда қыздарымен гүл жылуға болмайтынын ескерттім. Құрметті сот, мен заңсыз әрекет жасаған жоқпын. Біз отырған аймақ ешқандай қорғалатын ерекше белгісі бар аумаққа жатпайды. Малдар жайылып жүрген жайылым жер.
———————————————