Жолаушы тасымалдаушы мекеме мемлекеттен қолдау күтеді

Бүгінде Қостанайдан Рудныйға жылдам әрі арзан жетудің жолы – №120 автобус бағыты. Ол екі қала тұрғындары арасында кеңінен танымал. Сөзімізге дәлел болсын, былтыр бұл бағытпен 800 мыңнан астам жолаушы қатынаған. Бірақ осындай сұранысқа ие болса да, тасымалдаушы мекеме әлі күнге дейін мемлекеттік қолдаусыз қалып отыр.
Қостанай мен Рудный арасында қатынайтын №120 автобус бағытының іске қосылғанына 3 жылдың жүзі болды. Күн сайын төрт автобус жолға шығып, жүздеген жолаушыны діттеген жеріне жеткізеді. Былтырдың өзінде бұл бағытпен 800 мыңнан аса адам қатынаған. Тұрғындарға қолжетімділікті арттыру мақсатында 2024 жылдың күзінде ол әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде де танылған болатын. «Бірақ мемлекеттік қолдау әлі жоқ», — дейді тасымалдаушылар.

АЛЕКСАНДР ВОЛКУН, «БРУНЕР» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Бұл бағыт әлеуметтік маңызы бар деп танылғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде жергілікті билік пен тасымалдаушы арасында келісімшарт жасалуы тиіс. Бірақ бұл жерде әрекетсіздік пен созбалаңға салу байқалады. Мемлекеттік субсидия мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппады. Бір ғана бағыт үшін бюджеттен табылмағаны ма? Сондағысы, жылына 30 миллион теңгеге жетер-жетпес қаржы керек.

Субсидияға өтінішті тасымалдаушы компания 2023 жылы беріп қойған. Ол сол кезде-ақ мақұлданғанымен, келісімшарт жасалмаған. Әкімдіктегілер болса, бұл бағыттың әлеуметтік мәртебесі ресми түрде тек былтыр күзде ғана бекітілгенін алға тартып отыр. Сол себепті де биылғы бюджетте қаржы қарастырылмағанын айтады. «Мәселені шешу үшін жергілікті шенеуніктер билет бағасын көтеруі керек», — дейді.

АИДА РАМАЗАНОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ ӨКІЛІ:
— Биыл әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінбеді. Тарифтің көтерілуі де сондықтан. Қажет қаражат мөлшері 7,9 миллиард теңгені құраса, бөлінгені – небәрі 2,1 миллиард теңге.

Облыстық жолаушылар көлігі басқармасының дерегі бойынша өңірде 23 ауданаралық бағыт бар. Оның жартысы мемлекеттен субсидия алады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 180 млн теңге қарастырылған. Бірақ №120 бағыт – Қостанай қаласының құзырында. Сондықтан аудандардан оған қаржы бөлінбейді.

ГҮЛНАР БЕКМҰХАМЕДОВА, ЖОЛАУШЫ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— №120 бағыты бойынша келісімшарт Қостанай қаласымен жасалған. Әлеуметтік маңызын да солар бекітті. Сондықтан субсидия мәселесін жергілікті атқарушы орган шешуі тиіс.
Қаржының жоқтығын алға тартқан әкімдік: «Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – тарифті көтеру», — дейді. Енді жолақысы 340 теңгеден 460 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал тасымалдаушылар мұндай шешіммен келіспейтінін айтады. Жол жүру билеті 500 теңгеге жуықтаса, жұрт жаппай автобустан таксиге көшуі мүмкін. Соның салдарынан қыруар шығынға ұшырап, мекеменің жабылып қалу қаупі бар.
———————————————