Ақтөбеде су қоймасы құрдымға кетуі мүмкін. Өйткені ол жерде жеке меншік компаниялар кең көлемде құм өндіріп жатыр екен. Тұнығы лайланып, тереңдігі таяздана бастаған су қоймасы экологиялық апат алдында деп аңшылар мен балықшылар қоғамындағылар дабыл қағып отыр. Қоғам белсенділерінің айтуынша, бұл жерге жақын маңдағы кәсіпорындардан қоқыс қалдықтарын да төгіп кетеді екен.
Құрамында 3 жарым мың адамы бар аңшылар мен балықшылар қоғамы бұл мәселені талайдан бері айтып жүр.Су қоймасы маңында құм өндірілгелі суы лайланып кеткен. Қоғамдық бірлестік төрағасының айтуынша, нысан іргесінде жүргізілген қазба жұмыстары салдарынан су жағасы опырылып құлап жатыр екен.
АЛЕКСЕЙ ГОГЕЛЬ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ АҢШЫЛАР МЕН БАЛЫҚШЫЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Қазіргі қазба жұмыстары жүріп жатқан жерде балық уылдырық шашатын. Ойпаң жер болғандықтан су толып, дәл сол орынға келіп балықтар жиналып тұқымын қалдыратын. Енді ол жер 8 метр тереңдікке қазылып, соның салдарынан жағалау сызығы бұзылды.
Қоғам белсенділері карьерлерден бөлек, Ақтөбе су қоймасы ластанып жатыр деп дабыл қағуда. Олар кәсіпорындар әкеліп үйіп кеткен қалдықтарды бейнетаспаға түсіріп алған. Бірақ қалдықтарды су қоймасына жақын жерге кімдердің әкеліп төгіп жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Құзырлы орындар тексеру жүргізу үшін заңбұзушылықты дәлелдейтін өтініш қажет деп отыр.
Осылай бола тұра кейбір шенеуніктер ешқандай мәселе көріп отырған жоқ. Олар: «Су қоймасында су қоры жеткілікті»,- дейді. Ал карьерлер бойынша үш кен орнында екі жер қойнауын пайдаланушы заңды түрде жұмыс істеп жатқанын айтады.
АБЫЛАЙ ЖҰМАҒҰЛ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Тау кен жұмыстарының жоспарына өнеркәсіп қауіпсіздігі , экологиялық рұқсат, келісімдері және оң қорытынды негізінде жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. 2020 жылы лицензия берілді. Мерзімі – 10 жыл. Өз құзіреті шегінде қорытынды берген мемлекеттік органдар тексеріс жұмыстарын жүргізуге құқығы бар.
Түсірілім кезінде су қоймасының жағалауы өлі балық пен шабақтарға толы екенін өз көзімізбен көрдік. Бірақ олар неден жаппай қырылып жатқаны белгісіз. Балықшылар қоғамындағылар өлекселерді өздері жинап, зертханаға өткізіп, себебін анықтаймыз деп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.