Есілдегі су деңгейі 10 см төмендеді

Петропавл аумағында соңғы тәулікте Есіл өзеніндегі судың деңгейі 10 сантиметрге дейін төмендеді. Алайда тасқын қаупі сейілген жоқ. Қазір Заречный кентімен Прибрежное, Тепличное, Большая Малышка, Ольшанка сынды бірнеше ауылда бөгетті нығайту жалғасуда. Синоптиктердің болжамы бойынша, мамыр айының басында жағдай тұрақтала бастайды.
Елена Ремигайлоның саяжай аумағындағы баспанасын биыл тағы су басты. Азамат былтырғы алапат тасқыннан әлі есін жинап үлгермеген. Өткен жылы мұнда су үйдің төбесіне дейін көтерілген.

ЕЛЕНА РЕМИГАЙЛО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үйдегі барлық жиhазбен техниканы жоғарыға көтеріп қойдық. Эвакуациялық бекетке барудан бас тарттым. Себебі ит-мысығым бар. Ал оларды онда кіргізбейді. Енді судың тартылғанын тосамын. Артынша жөндеу жұмыстарын бастаймын.

Заречный кентінде орналасқан саяжайларда 40 отбасы тұрады. Ернеуінен асқан Есіл суы мұнда сегіз баспанаға кірген. Жағдай жылда қайталана берген соң, жергілікті билік зардап шеккен тұрғындарға басқа жер учаскесін беруге дайын.

ӘСЕМ АЙТҰЛОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Заңда саяжай жалғыз баспана деген ұғым жоқ. Сондықтанда барлық көмек заңға сәйкес көрсетіледі. Оларға су келмейтін саяжайлардан жер учаскелерін бере аламыз. Оларға ондай ұсыныс айтылды. Өздеріңіз білетіндей, бізде қала бойынша үйлерді сүру жұмыстары жүріп жатыр. Олар сол құрылыс материалдарын ала алады.

Синоптиктердің мәліметінше, Петропавлда соңғы тәулікте судың деңгейі 10 см түскен. Дегенмен қауіптің беті қайтқан жоқ. Сондықтан Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы аумағында бөгеттерді нығайту жұмыстары күндіз-түні жалғасып жатыр. Қазір өңірде тасқынға қарсы шараларға 1600-ге жуық адам жұмылдырылған.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛИМОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМС ДИРЕКТОРЫ:
— Қала аумағында тасқынның шарықтау шегі 27-28 сәуірде болды. Ал Большая Малышка, Соколовка ауылы маңында судың көтерілуі байқалады. Шекаралық аумақ Долматово елді мекенінде өзгеріс жоқ. Жалпы жақын күндері судың деңгейі түсе бастайды. Мамыр айының бесіне қарай барлық ауданда жағдай тұрақталады деген болжам бар.

Аралда қалған ауыл тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сынды қажет заттарды құтқарушылар қайықпен жеткізеді. Ал қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін полиция мұнда тәулік бойы қызмет атқарады.
———————————————