Биыл Алакөлдің Жетісу облысына тиесілі жағалау демалушыларға емес, құрылысшыларға толатын түрі бар. Себебі 13 шақырымнан асатын жағаны бекіту жұмыстары басталмақ. Бұл шомылу маусымында қолайсыздық тудырып қана қоймай, кәсіпкерлерді шығынға батыратын жоба болайын деп тұр. Өйткені жағаның бірінші сызығында тұрған демалыс орындары сүріледі.
Қарызданып, несие алып демалыс орындарын салғандардың бірі – талдықорғандық Руслан Сапарғалиев. Айналдырған екі айда қонақ күтіп, табыс табамын деген ойы биыл тас-талқан болмақ. Өйткені ол өз демалыс орнының 30 метрден астам жерін қайтаруы керек. Жағалаудың бекітілуіне кәсіпкер қарсы емес. «Бірақ шығынды өтеуге келгенде жергілікті билік үнсіз қалып отыр», — дейді.
РУСЛАН САПАРҒАЛИЕВ, КӘСІПКЕР:
— Біз жерімізді қалай бере аламыз? Несиеміз бар. Жерді толық алып, ақшамызды толық берсе дейміз. Үкімет шығынымызды нарықтағы бағамен есептеп, қайтарып берсін.
Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары 2020 жылы қолға алынған. Бұл мақсатқа 6 млрд теңге де бөлінген. Алайда белгілі бір себептермен жұмыс аяғына дейін жетпей тоқтап қалған. Енді қайта жандандырылып отыр. Жалпы жағаны бекіту қажет. Өйткені жыл сайын толқын көтеріліп, жағаны шайып жатыр. Жергілікті билік Ақши ауылынан 10, Көктұма ауылынан 3,5 шақырым жағаны нығайту керектігін алға тартады. Бірақ кәсіпкерлердің шығыны өтелмейді деп кесіп айтты.
МӘУЛЕН ТӨЛЕУЖАНОВ, АЛАКӨЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жағалауды бекіту жобасына сәйкес 74 жер телімі иелерінің жерлерін қиып өтеді. Олардың бекіту жұмыстарына жерлері алынып, басқа аумақтан жер телімі берілетіні ескертілді. Айта кететін жағдай, жобада қаражаттай алынған жерлерге компенсация төлеу қарастырылмаған.
Мұнан бөлек, жағажайда жаяу жүргінші жолы, түрлі ойын-сауық және сауда-саттық орындары салынады. Сондықтан мамандар биылғы маусымда туристерге аздаған қолайсыздық туатынын жасырмайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.