Байғанин ауданындағы Қарауылкелді ауылының тұрғыны екі жылдан бері ветеринарлық қызметпен соттасып жүр. Гүлсім Тоқсанбаева соңғы он жылда жыл сайын қорадағы малынан бруцеллёз табылатынын айтып, шағымданды. Ол бұл диагнозбен келіспейді. «Малымның ешқандай ауруы жоқ, жыл сайын төлдейді, оны арзанға өткізгім келмейді. Ет комбинаты немесе делдалдар ауру деп танылған бір сиырға 150 мың теңге береді, ал шын мәнінде оның бағасы үш есе қымбат», — дейді көңілі алаң тұрғын.
Ауылдағылар малмен күнелтіп отыр. Бірақ жылда бруцеллёздің жаңа дерегі анықталып, төрт түлік біршама азайған. Биыл Байғанин ауданында 54 сиырдан бруцеллёз табылса, былтыр 144 мал ауру болып шыққан.
ГҮЛСІМ ТОҚСАНБАЕВА, ҚАРАУЫЛКЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Егер қан алатын болса, менің бүкіл малымды шығарады. Себебі әуелі халықты алдады. Адамға жұғуы мүмкін деді. 10 жыл болды, біздің үйден әлі ешқандай бруцеллездің вирусы жоқ. Халықта да болған жоқ. Ал енді былтыр сегіз ай бірге жүрген сиырлардың иесі – кілең лауазымды қызметкерлер. Оларға жұқпапты. Енді олар бәле салады, сарайыңнан деп. Сарайымнан болса, баяғыда жұғуы керек еді. Өздері ұйымдасып, Үкіметтің берген компенсациясын жеу үшін жасап отыр деп ойлаймын.
ҒАЛЫМБЕК МАҚАШ, ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Егер 12 сағат ішінде малдың ұшасында өзгеріс байқалмаса, ол малды иесіне алып кетуге болады, яғни етті шектеусіз қолдануға рұқсат етілген. Ал егер өзгеріс болса, ол ет қайта өңдеуге жіберіледі. 70 пайызын сол қайта өңдеуге жіберілген мекеме төлейді. 30 пайызы мемлекет тарапынан өтемақы есебінде төленеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.