Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жаңа өзгерістер енетін болды. Яғни енді МӘМС-ке қатысты жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі артып, осал тобы санатындағы адамға жергілікті бюджеттен жарна төлеу ескерілмек.
Бұған дейін талай тартысқа түсіп, халықтың түсінбеушілігін туғызған әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жаңа заң жобасын талқылауда депутаттар аса белсенді болды. Өйткені МӘМС-тің игілігін көре алмай, былтыр қордан 900 мың адам көмек сұраған. 27 мың адам тиісті медициналық көмектен қағылған.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Жылдар бойы МӘМС-ке қаражат аударып келген азамат қандай да бір жағдаймен жұмыссыз қалып, МӘМС-ке қаржы аудару қабілетінен айырылса, кемінде 6 ай медициналық көмекті алып тұрсын дедік.
Депутаттардың бұл ұсынысы жерде қалмаған сияқты. Заң жобасындағы жаңа өзгерістің бірі – жұмыссыздар мен халықтың осал тобы санатындағы адам үшін сақтандыру жарнасы жергілікті органдарға жүктелмек. Ал 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 миллионнан астам адам қамтылып, жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізеді.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Негізі азаматтар үшін ешқандай өзгеріс болмайды. Ең бастысы, сақтандыру статусын беру жұмыстары автоматты түрде жүргізіледі. Сондықтан осал, дағдарыс топқа енген азамат үшін қаражат жергілікті атқарушы органдардан төленеді.
Қазір 15 түрлі санаттағы 12 миллион 100 мың адамға сақтандыру жарнасы төленіп келеді. «Сондай-ақ жобаға енген тағы бір тың өзгеріс – медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу», — дейді Ақмарал Әлназарова. Бұл әлеуметтік маңызы бар ауру түрін ерте анықтауда мемлекеттік кепілдікті кеңейтуге көмектеседі.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Қаншалықты жалақың жоғары болса, сақтандыруға сонша қаражат төлеуге тиіссің. Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесін реформалауда осындай өзгеріс енгізбек. Қаржыландырудың жаңа моделі 2027 жылдан бастап іске асырылады. Министрлік осылайша медициналық көмектің бірыңғай пакетін жасақтамақ,
Бұдан бөлек, МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерін көтеру жайы да айтылды. Осы тұрғыда 2027 жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттің МӘМС-ке жарналарының мөлшерлемелерін біртіндеп арттыру көзделіп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.