Енді ескі баспаналарды жөндеу мүмкіндігі артпақ

Көнеден жаңаға. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында ескі баспаналарды жөндеу мүмкіндігі артпақ. Бұл пәтер иелерінің жеке салымдары, тұрғын үйдің жинақ шоты мен жергілікті бюджет есебінен пайызсыз несиелеу арқылы іске асады. Жөндеуге мұқтаж баспаналарды жаңартқысы келген пәтер иелері осы үш бағытты бірдей қолдана алады. Пилоттық жобаның артықшылығы неде?
«Степной-2» тұрғын үй кешенінің келбеті алыстан көз тартады. Көпқабатты баспананың шатыры жөнделіп, инженерлік кәріз желілері толығымен жаңартылды. Пәтер иелеріне жайлы жағдай жасалды. Бұл тұрғын үйлерді жаңғыртуға арналған қаржыландырудың үш тетігі аясында іске асты.

ГҮЛВИРА ӘБЕТОВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
— Пәтер иелерінің жинақ шотынан қалпына келтіру шаралары жүргізілді. Ең бастысы, тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз еттік. Жөндеу барысында қандайда бір кемшіліктерге жол берілсе, мердігерлер кепілдік аясында оны түзетуге міндеттелді. Яғни құрылыс компаниялардың жауапкершілігін арттыруға көңіл бөлінді.

2023-2024 жылдары көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуға арналған қаржыландырудың жаңа тетігі әзірленді. Пәтер иелерінің жеке салымдары, тұрғын үйдің жинақ шотынан бөлінетін төлем және жергілікті бюджет есебінен пайызсыз несиелеу біріктірілді. Көпқабатты тұрғын үйін жаңартқысы келген баспана иелері осы үш бағытты бірдей қолдана алады.

ӘНУАР САИПОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл оң нәтиже берді. Тұрғындардың жаңғырту бағдарламасының ашықтығына көзі жетті. Қаржылық тәртіп орнады. Себебі қаржылық шығыс пен несиені қайтару дерегі айлық есепте көрсетіледі. Негізгі жетістігіміз – несиені әрбір пәтер иесіне қосымша түбіртексіз меншік иелері бірлестігі шотынан өтелуі.

Игі жоба халықтың бағдарламаға деген сенімін арттырып, мемлекет қаражатының дер кезінде қайтарылуын қамтамасыз етпек. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлердің қасбеттерін, дәліздері мен шатырын, жедел сатылар, электрмен жабдықтау жүйелерін қалыпқа келтіру қарастырылған.
———————————————