Тылда тер төккен ардагер – Александра Бекмамбетова

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – ерлікке тағзым, елге рух берген тарихи белес. Атаулы күн қарсаңында тыл еңбеккері Александра Бекмамбетованың ерлігімен өмірі жайлы шыр шертпекпіз.
Сұрапыл соғыс жылдары Александра Бекмамбетова ауылдың өзге де қыз-келіншектерімен бірге орман шаруашылығында еңбек етіп, теміржол құрылысына араласады. Қаршадайынан белі қайысып, ауыр рельс пен бөрене көтергенін еске алады.

АЛЕКСАНДРА БЕКМАМБЕТОВА, ТЫЛ АРДАГЕРІ:
— Теміржолда ұзақ істедім. Жанымда екі қыз болды. Қазір есімдерін ұмытып қалыппын. Біз салған шойын жол арқылы орман ағаштары тасымалданатын. Одан кейін жүк параходқа тиеледі. Одан кейін қажет жаққа жөнелтілетін.

Александра Бекмамбетова соғыстан кейін тұрмысқа шығады. Ел қатарлы еңбекке араласып, жергілікті наубайханада жұмыс істейді. Алты бала тәрбиелеп өсірген әжей қазір 14 немере, 25 шөберенің қызығын көріп отыр.

МЕЙРАМГҮЛ БЕКМАМБЕТОВА, АЛЕКСАНДРА БЕКМАМБЕТОВАНЫҢ КЕЛІНІ:
— Немерелері Үлкен мама деп атайды, ешкім әже демейді. Өте еңбекқор адам. Соғыс жылдарындағы естеліктерін жиі айтып отырады. Бүгінгі ұрпақ сол кездегі қиыншылық пен Жеңістің қандай еңбекпен келгенін білуі керек деп ойлаймын.

Соғыс – үлкен қасірет. Сондықтан майдангердің қазіргі тілегі – бейбіт өмір. Өскелең ұрпаққа осы бейбіт өмірді сыйлау барысында аянбай тылда тер төккен Александра Бекмамбетоваға «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалі де берілген.
———————————————