Қызылордадағы көлшік қоқыс алаңына айналған

Қала орталығындағы көлшік қоқыс алаңына айналған. Кезінде қаз-үйрек қонып, шаһарға көрік берген айдынның айналасы қазір ит байласа тұрғысыз мекен саналады. Жасыл желек жамылған бағбандық аумақ- айналдырған бірнеше жылдың ішінде күл-қоқысы шашылған көріксіз аймақ болып шықты. «Арай-Шұғыла» мөлтек ауданынының тұрғындары дабыл қағып отыр. Арайлықтар жол және жарықтандыру мәселесін айтып, қақпаған есігіміз жоқ дейді.

Арай ауданына 1999 жылы қоныстанған Жанқожа ақсақал орталықта тұрып, назардан тыс қалып отырмыз дейді. Асфальт пен жарықтан жұрдай көшелердің не атауы, не реттілік нөмірі жоқ. Жедел жәрдем, тіпті такси шақырсаң таппай сандалып жүретіндігін айтады.

ЖАНҚОЖА ТӘШПЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

– Көшеміздің атауы керек. Кілең Арай-Шұғыла. Көшенің тұрақты реттік саны жоқ. Бір жерде бір үй 145, қасындағы көршісі 14 болып кетеді. Балалар ойнатын алаң салынса екен.

АМАН НӘБИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– 4 үлкен және 5 қысқа көше бар. Соның үшеуінде ғана тас жол бар. Қалғандарында асфальт жоқ. Жол саламыз дегендеріне де 4 жылдай болды. Әне-міне, шетінен бастаймыз деп уақыт өтіп жатыр. Кешке қара түнек. Бала-шаға қозғалысы бар, көлік жүрісі қиын жағдай тудырып тұр.

Жергілікті билікке дүркін-дүркін арыз түсірген тұрғындар олардан мардымды жауап болмағасын базынасын облыстық қоғамдық кеңес мүшелеріне жеткізді. Арайлықтар алдымен шағын көлді мемлекеттік меншікке алып, жағалауын реттеуді сұрайды. Ал әкімдік өкілдері әуелі инфрақұрылымдық жобаларды қолға аламыз деп отыр.

ӘДІЛ ТӘЖІБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

– Арай арал деп аталып кеткен ауданда биыл маңызды мектепке баратын 4 көшеге жоба әзірленіп, қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Одан басқа жарық шамдарын орнату үшін жоба әзірлейміз. Тұрғындардың ұсыныстары ескерілді. Сол бойынша жұмыс істейміз.

Тасада қалған тұрғындар әлеуметтік дүкендер желісін көбейтуді де сұрап отыр. Көлдің арғы бетіндегі дүкендерге қатынау қиындық туғызып тұрған көрінеді.
———————————————