Мамандар электросамокат дұрыс қолдануды үйретті

Электрлі самокат та – көлік құралы. Оны пайдалану ережесін білу керек. Әйтпесе айыппұл төлейсіз. Астанадаэлектрлі самокатпен қауіпсіз жүру мәдениетін арттыру үшін арнайы акция өтті. Самокаттарды жалға беретін компания мамандары оны қолданудың тәртібін үйретсе, полиция ережесін таныстырды. 

Студент Ислам Қуатов сабаққа самокатпен барып жүр. «Жолды жақындатады», — дейді. Қыдыруға шыққанда да кез келген жерде қаңтарылып тұратын осы көлікті теуіп кете береді. Дегенмен, ол самокатпен жүру ережесін білмейтінін айтады.

ИСЛАМ ҚУАТОВ, СТУДЕНТ:
– Менің білетінім, самокатпен жолға шығатын жағдайда шлем, жилетка кию керек. Ал былай уақытта тротуармен жүруге болады, рұқсат етілген. Осы жақын арада жаяу жүргіншілер жолынан өткен соң айыппұл салған. Сондай келеңсіз жағдайлар болып тұрады.

Ислам сияқты жастар мен мектеп оқушылары электрлі самокат теппесін деген заң жоқ. Бірақ балалар оны қауіпсіз қолданудың ережесін білуі шарт. Балалар ғана емес, жалпы халықтың қала ішінде экологиялық таза көлік түрі саналатын электрлі самокатпен қозғалу мәдениетін қалыптастыру үшін Астана әкімдігі арнайы акция өткізді. Түрлі кедергі мен жол белгілері қойылған арнайы алаң жасақталып, аяқпен итеріп қозғайтын көлікті жалға беретін компания өкілдері қолдануды тәжірибе жүзінде үйретті.

ӘЛИЯ ӘБСЕМЕТОВА, НҰРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Біз оларға электросамокатқа мінбе деп айта алмаймыз. Электросамокатқа мінгеннен кейін жастарымыз оның ережесін білуі керек.

Әкімшілік полиция комитеті өкілінің айтуынша, электрлі самокатты оқушылар жаяу жүргіншілер және велосипед жолағында тебе алады. Ал жолға шығуға қатаң тыйым салынған. Көлік жолына тек 18 жасқа толған, жүргізушілік куәлігінің кез келген санаты бар, басында қорғаныс бас киімі, түнгі уақыт болса, үстінде жарық шашатын жейдесі болуы керек. Бастысы, екі адамбір самокатқа тіркесіп мінуге болмайды.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ІІМ ӘПК РЕСМИ ӨКІЛІ:
– Тротуармен жүрген кезде электросамокаттың қозғалысы сағатына алты шақырымнан аспауы керек. Ал жалпыға ортақ көше тораптарының жолының жиегімен, оң шетімен қозғалған кезде элекросамокат жүргізушілерінің жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек.
———————————————