Алматыда қызғылт түсті бланк тапшылығы туды

Алматыда қызғылт түсті бланк тапшылығы туды. Соның салдарынан қатерлі ісікке шалдыққан науқастар уақытылы ем ала алмай, қиналып жатыр. Ауырсынуды басатын дәріні алу уақыты неге созылды? Мамандар бұған биыл осы салаға енгізілген өзгеріс себеп деп отыр.
Алматы тұрғыны Тамара Веемееваның күйеуі онкологиямен 20 жылдан бері күресіп келеді. Соңғы кездері ауруы асқынып, қинала бастаған. «Ауырсынуды басатын дәрі көмектеспейді, ал күштірегін алу мүмкін болмай отыр», — дейді.

ТАМАРА ВЕЕМЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Дәрігер қарап шығып, мына травмодолды жазып берді. Көмектеспейтінін көріп тұрсам да, бір аптадай ектім. Ауру күшейіп, жаны қысылса, маған жәутеңдеп, жалынады. Мен не істей аламын?! Қолымнан ештеңе келмейді.

Мұндай қызғылт бланк бұрын жеткілікті болған. Ал биыл оның тапшы болуына салаға енгізілген өзгеріс себеп көроінеді. Дәл осы қағаз енді нашақорларға да беріле бастаған. Ал рецепт қағаздарына тапсырыс беруге денсаулық сақтау басқармасы мамандары үлгермей жатыр.

ГҮЛНӘР КУНИРОВА, ПАЛЛИАТИВТІК КӨМЕК БОЙЫНША ШТАТТАН ТЫС БАС МАМАН:
— Бұл қорғалған бланкілер болғандықтан, арнайы лицензияланған баспаханаларда басылады. Әрине, алдымен тендер өткізіледі, келісімшарт жасалады. Бұған уақыт керек. Бірақ ауруы қысып, қиналған науқаста оны күтетін уақыт жоқ қой. Міне, мәселе осында болып отыр.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселеден хабардар. Мәселе жақында шешімін тапты деп отыр.

АЙЖҰЛДЫЗ АХМЕТЧЕНОВА, ҚДСБ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Қазіргі уақытта есірткілік, психотроптық заттар және прекурсорларды жазуға қолданылатын қызғылт бланк Алматы қаласының барлық емханасына жеткізілді. Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрінің №32 бұйрығына енгізілген өзгерістерге байланысты туындады. Қазір метадон секілді препараттар осы бланкілер арқылы ғана жазылады. Сондықтан қосымша бланкілерге деген қажеттілік туды. Біз дереу коммерциялық ұсыныс алып, іске кірістік.

Сала мамандарының айтуынша, онкологиялық дертке шалдыққан науқастардың бұдан басқа да проблемасы жеткілікті. Көп жағдайда дәрі бірнеше күнге ғана жазылады. Ал жаңа рецепт алу үшін науқастың жақындары дәрігерге қайта-қайта жүгінуге мәжбүр.
———————————————