Мұнай-газ саласын реттейтін жаңа заң енгізілмек

Химия өнеркәсібінде шикізаттың 50% жуығы терең өңделмей, сыртқы нарыққа сатылып жатыр. Шикізатты қайта өңдеу бойынша жоғары технологиялық жобалар да аз. Елімізде мұнай газ химиясы саласындағы мәселелерді реттейтін жаңа заң енгізілмек. Премьер-министр Олжас Бектенов маңызды құжатты 1 қыркүйекке дейін әзірлеуді тапсырды.
Қазір әлем биржасында мұнайдің бір баррелі 60 доллардан көтерілмеген. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс жыл аяғына дейін 65 доллар деңгейінде сақталуы мүмкін. Бірақ нақты болжам жоқ. Қалай дегенмен Қазмұнайгаз жаһандық нарықтағы жағдайға төтеп беруге дайын екенін жеткізді. Бірінші кезекте, шығындар оңтайландырылмақ.

ӘСЕТ МАҒАУОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰҚ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ұлттық компанияның қандай сценарий болса да, соған сай қандай іс-шараларды қолдану керек екенін дайындап қойдық. Мұнай бағасы түсіп жатса, жобаларды тоқтатамыз. Шығындарды азайтуға ұсыныстар дайын. Ішкі нарықта мұнайдың бағасы екі есе төмен. Экпорт бағасы қанша өзгерсе де, ішкі нарықта 20-30 долларға жуық.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын өніммен сыртқы нарыққа шығуды тапсырды. Бұл экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Шикізатты терең өңдеу бағытында саланың әлеуеті толық пайдаланылмай тұр. Химия өнеркәсібі саласында шамамен 45% терең өңделмей, экспортқа шығарылады. Өнеркәсіп министрлігіне шикізатты қайта өңдеу бойынша жоғары технологиялық жобаларға инвестиция тарту міндеттелді. Жалпы, биыл мұнай-газ химиясы саласын реттейтін жаңа заң жобасы әзірленбек.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Мұнай-газ бизнесімен өткен кеңесте мұнай-газ химиясы туралы жаңа жеке заң әзірлеу мәселесі көтерілді. Бұл бастаманы қолдаймын. Энергетика, Ұлттық экономика және Әділет министрлігі биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкімет аппаратына тиісті заң жобасын енгізуді тапсырамын.

Маңызды құжат салада қордаланған бірқатар мәселені реттемек. Біріншіден, инфрақұрылымды дамытып, кәсіпорындардың шикізатқа тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз етпек. Ал Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жекешелендіруге қатысты нақты шешім әзірге қабылданған жоқ. Бұған дейін арнайы жұмыс тобы құрылып, кәсіпорынға аудит жүргізілген. Оған қатысты нақты шешім алдағы уақытта қабылданады.
———————————————