Аңыз ұшқыш – Нұркен Әбдіров

Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің ескерткішіне тағзым етушілер қарасы бүгін толастар емес. Әскерилер, мемлекеттік қызметшілер, қаланың қарапайым тұрғындары осылайша батырдың ерлігін еске алып жатыр. Дәл осы жерден Қарқаралы ауданының Жарлы ауылына дейін 250 шақырымдық марафон бастау алды. Спортшылар аты аңызға айналған жерлес ұшқыштың ерлігін осылай құрметтеуді жөн көрген.
Қарағандының қақ ортасындағы осы пәтерде бір кездері Кеңес Одағының Батыры, аңыз ұшқыш Нұркен Әбдіровтің анасы тұрған. Батыр ұлы қаза тапқаннан кейін ол ұзақ жылдар бойы Нұркеннен қалған азғантай затты көзінің қарашығындай сақтап келген. Бүгінде сол марапаттар, хаттар, құжаттар мен фотосуреттер ұшқыштың жиені Әбубәкір Әбдіровтің үйінде сақтаулы.

Қарқаралы уезінің тумасы майданға 1942 жылы аттанған. Ол басқарған Ил-2 ұшағы 16 рет ұрысқа шығып, жаудың бірнеше танкі мен 20-дан астам көлігін жойған. 17-ші сапары 23 жастағы Нұркен үшін соңғысы болды… 1942 жылдың 19 желтоқсанында Ростов облысындағы Коньков хуторы маңында жау шебін шабуылдау кезінде Әбдіров басқарған ұшақтың моторына оқ тиіп, отқа оранды. Тірі қалмайтынын түсінген аға сержант Нұркен Әбдіров жанып жатқан ұшағын жау танкілері шоғырланған жерге бұрып, ерлікпен қаза тапты. Онымен бірге ұшақтан секіруден бас тартқан әуе атқышы Александр Комиссаров та көз жұмды.

ӘБУБӘКІР ӘБДІРОВ, НҰРКЕН ӘБДІРОВТІҢ ЖИЕНІ:
— Мен, әже, Нұркен туралы кітап жазған Якимов деген кісі, бір корреспондент бар – бәріміз Нұркеннің басына бардық. Коньки деген жерде Нұркеннің бейіті бар. Ол бөлек жатыр. Жанында «братская могила» бар. Бір 300 адам жерленген. Ал Нұркеннің бейіті жанында бөлек жатыр. Жазуы бар, есімде қалды. «Здесь похоронен сын казахского народа Нуркен Абдиров» деп жазылған.

Соғысқа дейін Нұркен шахтада жұмыс істеп, кітапханашы мамандығына оқыған. Кейін прокуратурада еңбек еткен. 1938 жылдың көктемінен Қарағандыда жаңадан ашылған авиациялық клубта оқып, одан кейін Орынбордағы ұшқыштар мектебіне түседі. Бүгінде оның есімі Қарқаралы ауданындағы туған ауылына және Қарағанды әскери авиациялық базасына берілген.

ЕРБОЛ НҰРМОЛДА, Н. ӘБДІРОВ АТЫНДАҒЫ 609-АВИАЦИЯЛЫҚ БАЗАНЫҢ АҒА ҰШҚЫШЫ:
— Қазақ елінің даңқын көтеріп, Кеңес одағының батырын алу –әрқайсысының қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан біз сол кісілердің ұрпағымыз, сол кісінің ісін әрі қарай жалғастырудамыз.

1958 жылы Қарағанды қаласының орталық даңғылына Нұркен Әбдіровке ескерткіш орнатылды. Бүгінде бұл монумент қаланың басты көрнекі орнына айналды. Дүйім жұрт осында келіп, Ұлы ұшқыштың рухына тағзым етеді, гүл қояды.
———————————————