Астанада ұлттық ат спорты түрлерінен дүбірлі дода өтті

Елордадағы әйгілі «Қазанат» атшабарында ұлттық ат спорты түрлерінен дүбірлі дода өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық «Astana Cup» турнирі Қазақстанның түкпір-түкпірінен кіл мықты шабандоздар мен сайдың тасындай іріктелген жүйріктерді жинады. Арғымақтар сынға түскен бәсекенің өтуіне Астана қаласының әкімдігі мен Туризм және спорт министрлігі ұйытқы болды.
Бәйгеге қатысушылардың бірі – 22 жастағы Диас Жеңіс. Жастайынан жылқының жалында өскен шабандоз. Бірақ бұл жолы білгір атбегі ретінде қатыспақшы. Жарысқа «Жауынгер» атты үш жасар сәйгүлігін сайлап келген. Жүйірігін 1200, 1800 және 2000 метр қашықтықта сынға салмақшы.
ДИАС ЖЕҢІС, ШАБАНДОЗ-АТБЕГІ:
— Біз жарысқа Алматы қаласынан келдік. Мен өзімнің Жауынгер деген атымды алып келдім. Жасы 3-те. Бұл – менің бірінші рет жаттықтырушы ретінде дайындап, бәйгеге қосайын деп отырған атым. Үмітіміз зор, бұйырса көреміз. Ат көп, конкуренттер мықты.

Биылғы бәйгедегі бәсекелестік ерекше. Жүзге жуық жүйрік жүлде үшін таласуға келген. Дубай төрінде топ жарған Қабірханның жеңісінен қанаттанып, жарысқа алғаш рет қатысқан Қайрат Жұмағалиев аламанда бас жүлдені қанжығасына байлады.

ҚАЙРАТ ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚАТЫСУШЫ:
— Бүгін біздің Нұршатой деген тұлпарымыз бірінші орын алды. Тренеріміз Алмас, Көкшетаудан. Өте ризамын, рақмет. Өте жақсы, тамаша өтті.

Бәйге төрт қашықтық бойынша өтті. Яғни сәйгүліктер 1200-ден бастап 2000 метрге дейін шапты. Бұдан бөлек, ұлттық бәйгенің көрігін қыздырған 12 және18 шақырымдық аламандар бар. Оның жүлде қоры – 120 миллион теңге.

ҚАРЛЫҒАШ РАМАЗАНОВА, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:
— Бұл бәйгенің жүлде қоры да аз емес. Жалпы алғанда демеушілер тарапынан 120 млн теңге бөлініп отыр. Әр дистанцияға келетін болсақ, ұшқыр бәйгенің 4 дистанциясында жеңімпаз бен жүлдегерлерге 1-орынға 5 млн, 2-орынға 3 млн, 3-орынға 2 млн теңге беріледі. Ал ұлттық бәйге түрлерінде 1-орынға 15 млн, 2-орын 10 млн, және 3-орынға 5 млн жүлде тігіліп отыр.

Аламан бәйгеге Туризм және спорт министрлігі, Астана әкімдігі және ұлттық спортқа жанашыр демеушілер ұйытқы болды. Бәрінің көздегені бір – ұлттық дәстүрді сақтап қана қоймай, қазақтың қазанатын әлемдік аренаға шығару.
———————————————