Қоқыс тарифі негізсіз көтерілген. Қостанайда жыл басында коммуналдық қызмет төлемі қымбаттады. Мәслихат бұл ұсынысқа арагідік келісім берген. Ал прокуратура тарифті өсіру ниетінен шикілік тапты. Тұрмыстық қалдықты өңдеумен айналысатын кәсіпорын шығынды дұрыс есептемеген. Құжатта сәйкессіздік көп.
Биыл тұрмыстық қатты қалдықты жинау, шығару қызметіне тариф бірден 50% қымбаттады. Оның бағасы көпқабатты тұрғын үйлер үшін 619 теңге, ал жеке секторға 739 теңге деп белгіленді. Коммуналдық төлемнің бірден шарықтауы тек халықтың ғана емес, депутаттардың да наразылығын тудырды.
АЛЕКСАНДРА СЕРҒАЗИНОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
— Тұрмыстық қалдықтарды өңдеуден есеп-қисаптың қате жасалғанын анықтадық. Құжатта сәйкессіздік көп. 2018 жылы жұмсалған шығындарды қоса салған. Бұл бірден күмән тудырды.
Дегенмен коммуналдық қызметтің осы түріне бағаны өсіру ұсынысын облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының дені қолдаған. Бұған олардың айтар уәжі бар. Соңғы 6 жылда қатты тұрмыстық қалдық шығару және өңдеу үшін коммуналдық төлем өзгермеген. Жұмысшылардың жалақысы төмен болғандықтан, маман тапшылығы сезіле бастаған. Сондықтан тарифті көтеруге тура келген.
СНХ: ЕРЛАН ТӨЛЕТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
— Біз қазір нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Дұрыс қой?! Қоқыс өңдеу кәсіпорындарының шығыны көп. Жанар-жағармай бағасын айтпағанда, басқа да қызмет түрлері қымбаттап жатыр. Ал оларға техникаларын түгелдей жаңарту керек.
Тариф дауын тудырған мәселе бойынша құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.
ЕРЛАН ГУТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРА ӨКІЛІ:
— «Тазалық 2012» серіктестігінің қызметіне тікелей қатысы жоқ шығындарды қоса салған. Айталық, нотариус қызметі, мүлік салығы, қоршаған ортаны қорғау шаралары, кәріз люктерін жасау бойынша шығындарды есептеген. 342 млн теңгеге шығындалған деп көрсеткен.
Олқылықты анықтаған прокурорлар қалалық мәслихат төрағасына нарызылық хатын жолдаған. Қоқыс шығару қызметіне тарифті көтеру жөнінде шешімнің күшін жоюды талап етті. Алайда депутаттар мұнымен келіскісі жоқ. Құзырлы орган да қарап отырмасы анық. Талап-арыз дайындап жатыр. Даулы мәселеге соңғы нүктені сот қояды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.