Биыл 71 елді мекен газбен қамтылады

Биыл 71 елді мекен газбен қамтылады. Осылайша 218 мыңдай адам көгілдір отынға қол жеткізеді. Ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 65% жеткізу көзделген. Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, аймақтарды газдандыру бойнша бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Айталық, «Бейнеу – Бозой – Шымкент», «Ақтөбе – Қостанай», «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры салынбақ. Жиын соңында тілшілер қауымы энергетика министрінен әлемдік нарықтағы құбылып тұрған мұнай бағасына қатысты пікірін білді. Ведомство басшысының пайымынша, бұл құбылыс елдегі бензин бағасына еш әсер етпейді.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Жаһан нарығында мұнай бағасының тұрақсыз екенін көруге болады. Аптасына бірнеше мәрте құбылуы мүмкін. Бірақ бензин бағасы қара алтынға еш тәуелді емес. Оның құны ішкі сұраныспен айқындалады. Қазір елімізде жанар-жағармай өңдейтін үш ірі зауыт бар. Олар ішкі нарықты толық қамти алады.
———————————————