Велосипед теуіп жүрген баланы жүк көлігі басып кетті

Астанадағы ойын баласын жүк көлігі қағып кетті. Оқиға көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында болған. Құрылыс жұмысы жүріп жатқан бұл аумақтарда жол қауіпсіздік белгілері орнатылмаған. Тұрғындар, құзырлы мекемелерге осы мәселені айтып, бірнеше рет жүгінген. Көлік қозғалысын шектеп, жол белгілерін орнатуды сұраған. Бірақ нәтижесіз.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Оқиға кеше тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Полицияның мәліметінше, дәл осы аумақта жүк көлігі велосипед теуіп келе жатқан 6 жасар баланы байқамай қағып кеткен. Ауыр жарақат алған бала ауруханада көз жұмды.
ДАНИЯР КЕНЖЕҒҰЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мына жерде қоқыс контейнерлері тұрған. Жүк көлігі артқа қарай берген кезде кішкентай баланы қағып өтті. Қарапайым техника қауіпсіздігі сақталмаған. Артқа қарай жүрген кезде камерасы болуы керек, не артында адам қадағалап тұруы керек. Ешкім қадағаламаған.
Бұл оқиға тұрғындарды алаңдатып отыр. Аулада көлік көп жүреді, сондықтан жергілікті билік өкілдеріне қауіпсіздік шараларын қолға алуды бірнеше мәрте айтқан көрінеді.

ДИНАРА ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үлкен-үлкен жүк көліктері өтеді, жолға қарамайды. Өзім көрген жоқпын, балам көрді. Мен де анамын, алты баланың анасымын.

Тұрғындардың бар өтініші – аула маңында көлік қозғалысын шектеп, жаяу жүргінші белгісі мен шлагбаум орнату. Алайда әкімшілік полиция өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары толық аяқталмайынша, жол белгісін қоюға болмайды.

БАУЫРЖАН БӘКІР, ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
— Құрылыс салынып біткеннен кейін, ОСИ, КСК келу керек біз жол техникалық құралдарын орнатуға келісімімізді береміз. Бір бағытты қою үшін 3-4 блок болғандықтан, тұрғындар бір келісімге келуі керек. Сол келісіммен әкімдікке шығуы керек.
Ал осы аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компанияның қайғылы оқиғаға қатысты айтар уәжі бар.

УӘЛИ САДЫРБАЙ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Міне, мектеп ауласынан әрлі-берлі толассыз көлік өтеді. Балалар үшін өте қауіпті. Сондықтан ата-аналар әкімдік пен құрылыс басқармасынан жол қауіпсіздік белгілерін орнатуды сұраған. Бірақ бұл өтініш орындалмаған. Ал міне жаяу жүргіншілер жолағы мен жасыл қоршауларды ата аналар өз күшімен орнатқан.

Ал бала өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осы ретте құқық қорғау органдары тұрғын үй аулаларында жол ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Ал ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
———————————————