Ерлі-зайыптылар асырап алған 6 баласына қорлық көрсеткен

Қарағандыда жетім балаларды аяусыз соққыға жығып, қорқынышта ұстаған отбасыға қатысты сот басталды.
Алты баланы қамқорлыққа алған ауыл тұрғындары мемлекеттен бөлінген жәрдемақыны құмар ойындар мен лоторея билеттеріне жұмсап отырған. 2018 жылы елді мекеннен патронаттық үлгідегі балалалар үйін ашқан ерлі-зайыпты жеткіншектердің басына әңгіртаяқ ойнатқан. Жазалауды құп көретін «ата-ана» балалар болмашы бұзықтық жасаса, қамшы мен көсеу ала жүгірген. Айтқанға көнбегендерді иттің күркесіне жатқызып, малдың ішек-қарнын шикілей жегізген. Ұдайы жалғасқан ұрып-соғулардың бірінде 5 жастағы өреннің бас-сүйегіне зақым келіп, миы шайқалған. Қаршадай балаға шұғыл операция жасалып, аман қалып отыр.
ӘДІЛ САДЫҚОВ, ПРОКУРОР:
— Күнделікті ұрып-соғу салдарынан балалардың физикалық жағдайына едәуір зақым келген. Кәмелетке толмаған балалардың денесінде қамшы, көсеу, оқтау, еден сүрткіш ағаш секілді түрлі қатты құралдардың ізі қалып қойған. Бас пен тізелеріндегі соққы орындары әлі қансырап тұр.
———————————————