Аспирин, Цитрамон, Парацетамолдың қымбаттағанын байқадыңыз ба? Дәріханадан әрең іздеп табатын қымбат дәрілерді айтпағанда, ең арзан деген осы дәрілердің бағасы өскен. Жыл басынан бері дәрі-дәрмек құны орта есеппен 10-15%, кейбірі тіпті 30% көтерілген. Сарапшылар дәріге қосымша құн салығы салынса, кемінде тағы 15% қымбаттайтынын айтады.
Арзан дәрі болғасын байқалмайды. Бірақ Аспирин, Парацетамол, Цитрамонның бағасы орта есеппен 50% өскен. Аллергиясы бар адамдар жиі тұтынатын Фенистил мен мұрынға себетін Аквалор дәрісі шамамен 25% қымбаттады. Йод пен этил спирті құнына 20% қосқан.
Қымбатшылықты дәріхана қожайындары мойындап отыр. Шағын дәріхана ұстап отырған Раушан Әубәкірова: «Дәріні дистрибьюторлардан қымбатқа сатып алып жүрміз», — дейді. Оның үстіне таңбалау тәртібі енгізілгелі қосымша шығын көбейген. Тағы бір маманды жұмысқа алу, арнайы құрал мен интернет ақысының есебін дәріхана иелері дәрі бағасына қосып отыр.
РАУШАН ӘУБӘКІРОВА, ДӘРІХАНА ИЕСІ:
— Кәдімгі Цитрамон, Аспирин кешегі күні 50-70 теңге тұрса, бүгін 200 теңге. Антигриппин бұрын 150-200 теңге болса, қазір 550 теңге. Левомицитин бұрын 200-300 тұрса, қазір 700 теңге. Арзан дәрілердің өзі бірнеше есе құн қосып жатыр.
Тәуелсіз дәріхана иелері қауымдастығының басшысы Талғат Омаровтың айтуынша, дәрі әлі де қымбаттайды. Себебі таңбалау ісі әлі біткен жоқ. Нарыққа қордағы дәрінің тек 40% шығарылған. Бұдан бөлек, жаңа салық кодексі қазіргі ұсынылып жатқан күйінде қабылданса, келесі жылдан бастап дәріге қосылған құн салығы есептеледі.
ТАЛҒАТ ОМАРОВ, ТӘУЕЛСІЗ ДӘРІХАНА ИЕЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Дәрінің бағасы кемінде 15% қымбаттайды. Неге десеңіздер, біз екі фармацевке қосымша бухгалтер жалдаймыз. Ол 100 мың, 200 мың теңге айлыққа келмейді. Қолына кемінде 300 мың теңге алатындай жалақы беруіміз керек. Оның үстіне салықтар бар ғой. Соның бәрін шығарғанда үстіне тағы 100 мың қосылады. Сонда 400 мыңды біз қайдан шығарамыз? Сол дәрінің бағасынан шығарамыз. Ол дегеніміз кемінде 5%.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова да дәрінің қымбаттағанын байқаған. Оған енді салық салынса, жұрт қымбат дәріні ала алмай, тәуіп аралап кетуі мүмкін дейді.
ГҮЛДАРА НҰРЫМОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Баға өсті, тағы да өседі. Енді қолжетімді болмайды. Содан кейін біздің азаматтар тәуіптерге, лицензиясы жоқ мекемелерге баруға, өздерін өзі емдеуге мәжбүр болады.
Оның әріптесі Асхат Аймағамбетов те дәріге салынатын салықтың жүгі халыққа тие ме деп алаңдайды. Сондықтан оны бірден 10% қылмай, кезең-кезеңімен көтеруді ұсынады.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Әлеуметтік аурулар бойынша осы дәрілерге біз 0% келісіп отырсақ, басқа аурулар бойынша дәрілерге 10%-дан 5%-ға түсіру және де медициналық қызметтерге 10%-дан 5%-ға түсіру, бірақ кезең-кезеңімен өсіру мәселесін қалай қарайсыздар?
Вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі дәріге қатысты бизнеске ешқандай жеңілдік болмайды деп кесіп айтты. Өйткені біздің елде дәрі – өндірісі жоқтың қасы. «Ал оның саудасынан тек арадағы делдалдар пайда көреді», — дейді Серік Жұманғарин.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Дәрі-дәрмектермен ситуацияны білесіздер. 85% шетелдік, импорттан келген. Қазір нақты айта алмаймын, бірақ 1000% дейін өсті. Бағаны біз қадағалай алмаймыз. Біз берген жеңілдіктер импортқа береміз, сосын делдалдарға береміз. Әлеуметтік дәрі-дәрмектердің тізімін жасаймыз. Денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп, оған ешқандай салық қоймаймыз. Қалғандарына 10% дейін салық болады.
Ал Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев көпшілікке арналған дәріге салық салу мәселесі әлі де талқыланатын айтты. Оның шешімі бірнеше аптадан кейін белгілі болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.