Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл. Ұйымның Астанада өткен XXXIV сессиясының пленарлық отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиналғандарды Ассамблея мерейтойымен құттықтады. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылып, бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналған, Қазақстан Халқы Ассамблеясының кезекті отырысына 1600-ден астам адам қатысты.
30 жыл – орда бұзар шақ. Тәуелсіздігімізбен бірге құрылып, ел игілігі үшін еңбек еткен елеулі жылдар. Ассамблеяның XXXIV сессиясының пленарлық отырысына қатыса келген ұлт пен ұлыс өкілдері ұйымның қоғамдағы орны мен атқарылған сансыз істі бірінен-бірі асыра айтуға асықты.
ДЭНИЭЛЬ ДЖЕЙМС, АФРО ЭТНО-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ /АЛМАТЫ/:
— Менің ойымша, Ассамблея барлық әлемге үлгі болуы керек. Үлгі алса әлемде бейбітшілік болады. Өйткені ешкім соғыспайды, ешкім бір-біріне жаман сөз айтпайды. Тек қонақжайлылықпен, адамгершілік қасиеттерімен осының барлығы ассамблея арқылы деп ойлаймын.
ОЛЬГА СПИРИНА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ, ҚХА МҮШЕСІ:
— Бүгінде Ассамблея жай ғана ұйым емес. Ол – кәдімгі қоғамдық өмірдің әрбір саласына енген кәдімгі инфрақұрылым. Сондықтан біз Ассамблея мүшесі ретінде Президент ұсынған барлық бастаманы қолдауға және жүзеге асыруға дайынбыз.
Сессия жұмысына Парламент депутаттары, барлық өңірден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени және діни бірлестік төрағалары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналған Ассамблея қызметіне баға берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестік орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде.
Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістер нәтижесінде Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. «Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды», — деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделгенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматқа бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілі бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея алдындағы міндеттерге де тоқталды. Аймақтардағы жұмысты жандандыру керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. «Түрлі этнос өкілі тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек», — деді Мемлекет басшысы. Елімізде емін-еркін, бақуатты өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілі бар. «Бұл баршаның баласын бауырына басқан қонақжай қазақ халқының қанына сіңген бауырмалдығынан», — дейді жиынға қатысушылар.
ЖАНАР ӘБІШ, «АЛТЫН ШАҢЫРАҚ» АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: — Ол біздің қанымыздан, бабаларымыздан қалған. Ата-бабамыз сонау шақтан қиналған сәтте жарты нанын бөліп берген. Бабаларымыздың осындай қасиетін қазіргі заманауи үлгіде ұстап келе жатқанымыз мені қуантты.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— 130-дан аса ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанда ұлтаралық татулық пен бірліктің нығаюына Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Еліміздің экономикасының дамуы, өсіп өркендеуіне алдымен татулықтың жемісі деді бүгінгі жиында сан ұлттың өкілі. 30 жыл жүріп өткен жолда Ассамблея ортақ құндылықтарға қызмет етті. Алда атқарар іс көп.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.