Шымкенттік оқушы әлемнің үздік 50 жоғары оқу орнынан шақырту алды

Шымкенттік оқушы 50 жоғары оқу орнынан шақырту алды. Талапты түлекке әлемнің жетекші университеттері 100% грант ұсынған. 17 жастағы Нұрым Серіктің білімі АҚШ, Германия, Испания, Түркия, Болгария елдеріндегі беделді оқу ордаларының назарын аударды. Оқушы қандай жетістігімен көзге түсті?
Нұрым Серікке АҚШ, Испания, Германия, Британия және Гонконгтың беделді оқу ордалары грант ұсынған. Бағы жанған жас талапкердің таңдауы әзірге Малайзияға түсіп отыр.

НҰРЫМ СЕРІК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Мен өзім кішкентай кезімде бір ойын жазып көргем, бірақ соны жазып бітіруге маған білім жетпеді. Сол үшін мен Computer Scientist мамандығын таңдап, кейін оқып, ойын жазғым келеді. Отбасыммен сөйлесіп көрген соң, Малайзияға түсуді ойлап жүрмін. Малайзияда Қытай университеті негізінде франшизасы ашылған. Мені қызықтырған жері – өте үлкен кампусы және ол университетте студенттерге барлық жағдай жасалған.

Нұрым келешекте компьютер тетігін түгел меңгеруді армандайды. Сол себепті ІТ саласына оқуға түсуге бел буған. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық ағылшын емтиханынан 7,5 балл жинаған. Ұстаздары да оқушының талабы таудай, ізденісі жоғары екенін айтады.

АНАР ҚҰЛЫМБЕТОВА, СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ:
— Біздің сыныбымыздағы озат оқушылардың бірі. ІТ саласын таңдап отыр. Осы ІТ саласында бірнеше шетелдік оқу орындарынан шақырту алып отыр. Жалпы ағылшын тілінен де, математикадан да көрсеткіші өте жақсы. Техника саласы жақсы дамып келе жатыр ғой, соны «жақсы меңгеріп, еліміз үшін өз үлесімді қосамын» деген болатын, сәттілік тілейміз!

17 жастағы талапкер күзден бері 200-ге жуық жоғары оқу орнына өтінім жіберген. Әзірге тек 50 университеттен жауап келіпті. Жас түлек: «Егер басқаларынан да оң жауап келсе, таңдауымды өзгертуім әбден мүмкін», — дейді.
———————————————