Еліміздің бірқатар өңірінде бала дәрігерлері қат. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, кардиолог, кардиохирург мамандары тапшы. Сондықтан оқу орындарында кезінде жабылған педиатрия бөлімшелері қайтадан ашылмақ. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа реформаны іске асырмақ. Педиатрия қызметін таңдаған дәрігерлер резидентурада бейінді салалар бойынша бөлек оқытылады. 2026 жылдан бастап түлектерді балалар кардиохирургы, нейрохирург, анестезиолог, нефролог мамандарына оқыта бастайды.
Балалардың бағына енді педиатрия мамандығының 20 саласы резидентурада оқытылады. Бұл – кардиология, кардиохирургия, анестезиолог, нейрохирургия, пульмонолог, бет-жақ хирургиясы және тағы басқа бағыттар. Яғни педиатрия қызметін таңдаған түлектер осы бейінді салалар бойынша терең білім алады.
ӘСЕТ ІЗДЕНОВ, МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл шешім балалар мамандарының тапшылығын азайту, қажеттілігіне байланысты қабылданды.
Иә, еліміздің әр өңірінде бала дәрігері тапшылығы бар. Мысалы, 57 анестезиолог-реаниматолог маманы жетіспейді. Оның дені Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облысына тиесілі. Ал Астанада инфекционист, кардиолог, пульмонолог, невролог, кардиохирург қат. Тәжірибелі дәрігер Лейла Дәйірбаева бұл бастаманы қолдайды. 2007 жылы ересектер мен бала дәрігерін бірдей жалпылама оқыту жүйесі қабылданғанда оған үзілді-кесілді қарсы болған. «Себебі педиатрия қызметіне қашан да сұраныс жоғары», — дейді.
ЛЕЙЛА ДӘЙІРБАЕВА, ДӘРІГЕР-НЕВРОЛОГ:
— Менің ойымша, әу бастан дұрыс қабылданбаған шешім болды. Қазақстан бұл қадамға Еуропа елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып барды. Бірақ бұл мемлекеттерде бала туу көрсеткіші төмен. Сондықтан отбасылық, яғни жалпы тәжірибелік дәрігер көп. Ал Қазақстанда көрсеткіш жоғары. Сондықтан әр шешім ғылыми, қаржылық тұрғыдан өзінің тиімділігін көрсетуі керек деп есептеймін.
Жанар Батжанованың екі ұлы бар. Үлкені 15-те. Кішісіне үш ай. Медицинадағы жаңалықтарды үзбей бақылап отырады. Емханаларда белгілі бір сала бойынша педиатр тапшы екенін айтады. Ал ересектер мен нәрестелердің бір дәрігерге қаралуы дұрыс емес деп есептейді.
ЖАНАР БАТЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Перзентханадан шыққаннан кейін 3 аптадан соң УЗД-ге бар деді. Оған кезек көп, маман жоқ. Жақсы хирург, травмотолог аз.
Жалпы дәрігер тапшы екенін тұрғындардың дені біледі. Басы ауырып, балтыры сыздаған әр азамат осы мәселемен бетпе-бет келген.
Былтыр 400 ден аса түлек педиатрия мамандығына оқып шықты. Ал биыл неонтолог, хирург, онколог, гематолог, балалар стоматологы бағыттары бойынша 500-ге жуық маман дайындау көзделген.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Педиатр – өз алдына жеке мамандық. Сарапшылардың пайымынша, олардың барлығын бірдей жалпылама оқыту дұрыс емес. Осыдан 18 жыл бұрын қабылданған бұл реформаның қателігін Денсаулық сақтау министрілігі мойындаған тәрізді. Бала дәрігерлерін бейінді салалар бойынша бөліп оқыту маман тапшылығын шешеді деп отыр. Айталық, медициналық жоғары оқу орындары осы бағытта білім беру жүйесін әзірлеуге дайын.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.