Еліміздің солтүстігінде Тепличное ауылының халқы эвакуациялана бастады. Себебі Есіл өзені арнасынан асып, ауылға қауіп төндіріп тұр. Су деңгейі бөгеттің бойына дейін көтерілген. Жағдай уақыт өткен сайын ушығып барады. Қазір тасқынның алдын алу үшін аймаққа Ақмола, Қостанай облысы мен Астана қаласынан құтқарушылар жетті.
Кеше кешкісін Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылы маңында су күрт көтерілген. Барлық күш-құрылым осында жіберілді. Оқиға орнында арнайы штаб құрылды. Әскерилер, құтқарушылар, волонтерлер барлығы – 1300-ден астам адам түні бойы бел жазбай бөгетті нығайтты. Жұмыс әлі тоқтаған жоқ.
Типличное – қала іргесінде орналасқан 300-ден астам түтіні бар елді мекен. Қазір мұндағы халық саны 800-ге жуықтайды.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Қазір мен Тепличное ауылы маңындағы бөгетте тұрмын. Оның биіктігі шамамен 5-7 метрді құрайды. Уақыт өткен сайын судың деңгейі көтерілуде. Осыған байланысты өңірдің барлық күш-құрылымы қазір осы маңда еңбек етіп жатыр. Мұнымен қоса, көмекке Ақмола және Қостанай, сондай-ақ Астана қаласынан құтқарушылар жетті.
ӘДІЛЕТ СЕРІК, ҚҰТҚАРУШЫ /АҚМОЛА ОБЛЫСЫ/:
— Қазіргі таңда Ақмола облысынан қосымша күш пен құрал, яғни 12 техника және 110 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар төтенше жағдай орнында 10 мотопомпа және 4 қайық жұмыс атқаруда. Елді мекендер байланыссыз қалғандықтан, ол жерлерге қайықпен құтқарушыларды жіберіп, арнайы көмек көрсетіп жатырмыз.
Жағдай сағат сайын ушығып барады. Сондықтан жергілікті билік халықты эвакуциялауды бастады.
ТИМУР ӘБДІРЕШОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тепличное ауылында алдын ала эвакуация жүргізу туралы шешім қабылданды. Уақытша орналастыру үшін эвакопунктер дайындалды. Ол – Бескөл ауылындағы екінші орта мектеп пен Петропавлдағы Жұмабаев көшесіндегі жатақхана. Оқиға орнында барлық қызмет жұмыс істеуде.
Прибрежное ауылымен де байланыс үзілді. Қазір мұндағы халықты құтқарушылар қайықпен тасымалдауда. Қала іргесіндегі Заречный кентінде де жағдай мәз емес. Өңірде қазір тасқынның үшінші толқыны жүріп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, ай соңында Есілдің суы тағы көтеріледі деген болжам бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.