Семейде жаңадан салынып жатқан бірнеше тұрғын үй қайта сүрілмек. Бас аяғы 12 нысанға қатысты сот шешімі шығып, оның жетеуі мәжбүрлі түрде қайта бұзылуға тиіс. Заңсыз салынған баспаларға тұрғындар ақша құйып, сатып алып жатыр. Ал тіпті кейбірі пәтеріне қоныстанып, қыстап шыққан. Енді дайын үйді сүруге жібереді дегенді естіген қараша кімнен араша сұрарын білмей дал.
Бұл тұрғын үйдың құрылысы 2022 жылдың соңында басталған. Ал былтыр тұрғындар қоныс тойын тойлап, көшіп келген. Енді бұл баспаналардың сүрілетінін естіп, есеңгіреп отыр. Мысалы, жетпістің жетеуіне келген Қабдылхан Қалишев ақсақал бес немереммен қайда барамын деп зәрезап.
ҚАБДЫЛХАН ҚАЛИШЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Ал енді мына пәтерді босат, сүріледі десе, мен бұл пәтерді босатпаймын. Ішінде қаламын. Менің немерелерім далада қалады ғой, баратын жері жоқ. Біз ауылдан келдік. Баратын жеріміз жоқ.
МАДИНА САНАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Үйден шықпаймыз. Дәл қазір бала-шағамызбен осы үйде тұрып жатырмыз. Енді бұзатын уақытта қайда баратынымызды білмеймін. Бала-шағамен баратын жеріміз де жоқ.
Дүйім жұрт: «Құзырлы мекемелер олқылықты мұқият қарап, құжатты жіті қадағалауы керек еді», — дейді. Ал құрылыс учаскесінің бастығы құрылыстың құжаты әу баста болмағанын мойындады.
ИЛЬДАР ГУЗАИРОВ, «ДАРИЯ» ТҰРҒЫН ҮЙ КОМПЛЕКСІНІҢ УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ:
— Иә, қазір біздің үй мемлекеттік құжаттарға сәйкес келмейді. Ал шенеуніктер оны бұзудан басқа жол таппай отыр.
Құрылыс компаниясының кесірінен енді тұрғындар зардап шеккелі отыр. «Заң бәріне ортақ, сондықтан сот шешімін орындауға тиістіміз», — дейді құрылысты бақылау мамандары.
САЙЛАУҒАЛИ БАЙНАЗАРОВ, МСҚБ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М. А.:
— 2024 жылы қараша айында бірінші рет осы «Шығыс Сапа» компаниясының Сатбаев 1 нысаны бойынша хат келіп түскен, сол кезде компанияның құжаттарын тексеріп, ешқандай құжаты жоқ екені мәлім болды. Сол кезде бірші нұсқама берілді. Ол нұсқама орындалған жоқ.
Қазір Семейде тиісті талап сақталмай салынған 12 тұрғын үй бар. Соның барлығы сүрілуге тиіс. Сот шешімі сондай. Ал жергілікті билік өкілдері: «Бұл кешендерге ақша құйған үлескерлерді қолдайтын орталық ашамыз», — дейді. Яғни көп ұзамай мәселе оң шешімін табуға тиіс.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.