Елордада «BaiQymyz» – бапталған қымыз» ұлттық тағамдар гастрофестивалі өтті. Екі күнге созылған мәдени шара 70 мыңнан астам қонақты қабылдады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық қымыз өндіруші қатысты. Жиында келушілер қымыздың түр-түрінен дәм татып, этно-мәдени бағдарламаларды тамашалады.
НҰРБОЛ ӘБДІҒАЛЫМОВ, ҚЫМЫЗ ӨНДІРУШІ:
— Мен Қостанай облысы Арқалық қаласы Әбдіғапар хан ауылынан келіп отырып, бүгінгі елімізде өтіп жатқан BaiQymyz гастрофестиваліне «Алуа» қымыз атыменен қатысып жатырық. Бүгін керемет үлкен той. Қайырлы, құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін!
Бал қымыз, сары қымыз, уыз қымыз. Шара аясында қала тұрғындары мен қонақтарына бие сүтінің алуан түрі ұсынылды. Келушілер ұнатқан қымыздарына QR-код арқылы фестиваль сайтына кіріп, дауыс берді.
НҰРБОЛ ӘБДІҒАЛЫМОВ, ҚЫМЫЗ ӨНДІРУШІ:
— Әркім өз елінің қымызын мақтайды. Енді шөбі шүйгін, сұлу бал Торғай елінен келіп отырмыз. Біздің қымыз Алла қаласа бірінші орын алады деген үміттеміз. Жүлделі орындармен көрінеді деген ойдамын, басқа қатысушыларға сәттілік, бізге жеңіс тілеймін.
Үздік қымызды анықтау 4 талап бойынша жүзеге асады. Халық дауысынан бөлек, мұнда қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасының пікірі ескеріледі. Сондай-ақ өндірушінің нарыққа бейімделуі, қымызды сатуда қолданатын әдіс-тәсілдері назарға алынып, зертханалық тексеріс арқылы қымыз құрамында ауыр металдардың бар-жоғы анықталады.
ЖҰМАЖАН ҚАЛТАЕВ, «BAIQYMYZ» ФЕСТИВАЛІН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
— Сол төрт талаптан тұратын қымыз жарысында бірінші орын жиырма миллион теңге болады. Екінші орын алған адамға он бес миллион, үшінші орын алғанға он миллион теңге бөлінеді.
Ең үздік қымыз атағын Абай облысының қымыз өндірушілері жеңіп алды. Екінші орын Қарқаралы қымызына бұйырса, үздік үштікті Ақмола облысы түйіндеді. Бұдан бөлек, демеушілер тарапынан арнайы номинациялар бойынша үздіктерге қаржылай сыйақы берілді. Жалпы, шара барысында «Ер қанаты» атты тұңғыш жылқы көрмесі өтті. Тазы жарысы ұйымдастырылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.