Астана мектептерінде бүгін бір мезетте «Тазалықпен зарядтал» экологиялық фитнес жаттығуы өтті. Бұл бастама «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Мақсат – оқушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, оларды табиғатқа жанашыр болуға тәрбиелеу.
Астанадағы №103 мектепте бүгінгі таң әдеттегі қоңыраумен емес, көңілді экологиялық жаттығумен басталды. 5 және 10-сынып оқушылары Астананың саф ауасында бой жазып, бір сергіп қалды. «Тазалықтан қуат ал» – бұл денсаулық, бірлік және табиғатқа деген жанашырлық. Шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында, қалалық білім басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
ІНЖУ ЛЕСБЕК, ОҚУШЫ:
— Біздің мектеп экологиялық акцияға байланысты сенбіліктер өткізіп жатыр. Ағаш отырғызып, суарып және мектеп ішінде қалдықтарды сұраптауға арналған жәшіктер жасалып жатыр.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – бүкіл елде табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау бағытында өткізіліп жатқан ауқымды шара. Мұндай экологиялық жаттығулар жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ұжымдық рухты да қалыптастырады. №103 мектептің бастамасы – осыған жарқын дәлел.
ДИНАРА ЕРЖАНОВА, №103 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Іс-шараға мектебімізден 120 оқушы жұмылдырылды. Бұл іс-шараның мақсаты – оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
«Таза Қазақстан» – бір реттік науқан емес. Президент айтқандай, ол отандастарымыздың қоршаған ортаға көзқарасын өзгертетін, өскелең ұрпақты туған жерге құрметпен қарауға тәрбиелейтін игі дәстүрге айналуға тиіс. №103 мектеп оқушылары Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдайды.
АҚЗЕРЕ ОРЫНБАСАР, ОҚУШЫ:
— Табиғатты, Жер-ананы аялауымыз керек. Қоқыстарды жинау керек. Ауаны ластамауға тырысу керек.
Мектеп айналасындағы тазалыққа зор мән беретін балалар бүгін ауладағы ағаштардың топырағын қопсытып, суарып шықты.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде ел бойынша 1,1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 1,6 миллионға жуық ағаш егілді. Бұл – тек бастамасы.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.