Шерзат соты: куәгерлердің сөзі қарама-қайшы

Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Дүйсенбідегі процесте куәгерлерден жауап алды. Оқиға орнында болған Эльмира Нұрбекованың сот залындағы әңгімесі мен тергеудегі жауабында сәйкессіздік болды. Алдын ала жауап алу кезінде ол Абзал Шынасылдың қолында пышақ болғанын айтса, қазір ештеңе көрмедім деп отыр.
Айта кету керек, түске дейінгі сот отырысына жәбірленуші тарап, яғни Қаржаубай Нұрым отбасымен қатысқан жоқ. Түстен кейінгі отырыста екінші куәгер түсініктеме берді.
МЕЙІРМАН ШЕКЕЕВ, ҚОРҒАУШЫ:
— Тергеу тарапынан кейбір кемшіліктер жіберіліп қойған. Сол 5 қазанда нақты айтылған. Пышақ сұғылғаны, қай жерден сұғылғаны. Анасының баламды өлтіріп жатыр дегенін егжей-текжейіне дейін айтып берген. Қазір енді «мен шок болдым» дегені күмән тудырады. Мен әдейі оқыдым, бір беттің жоғары жағындағы нақты айтылған жауаптарды қуаттайды да, екінші абзацқа келгенде «шокқа» түсіп қалады. Ол мүмкін емес.

ДАНА ЖАҚСЫГЕЛДІ, КУӘГЕР:
— Абзал маған: «Капотта тұрған Диззиді бере салшы», — деді. Ол еңкейіп тұрған болатын. Қолын сүртіп тұрды ма, бір нәрсе істеп тұрғандай болды. Сонымен мен Диззиді алып келе жатқанда: «Құя салшы», — деді. Сол құйып жатқан кезде басында байқаған жоқпын, кейін пышақтың жүзін байқадым.
———————————————