Дарикорн жарнамаға түсірген балақайдан кешірім сұрады

«Дарикорн» лақап атымен әлеуметтік желіде танымал блогер Дариға Нүркеева жарнамаға түсірген балақайдан ақыры кешірім сұрады.
Еске салсақ, дәмхананы жарнамалап жүріп, 9 жасар баланы ата-анасының келісімінсіз бейнероликқа түсіріп, түсіріп қана қоймай бала тілін балағат сөзбен экранға жазған Дарикорнның басы дауға қалған еді. Өйткені көрсетілімнен кейін бір ауыз сөз үшін бала айналасындағылардың мазағына ұшыраған.
Анасының айтуынша, оқуда көрсеткіші төмендеп, психикалық күйзеліске түскен. Блогер жеке парақшасында баламен және оның анасымен кездескенін, бұл оқиғаның өзіне ғана емес, барша қазақстандықтарға сабақ болғанын айтқан және барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын деген. Бұған дейін сот дәмханаға 500 мың теңге моралдық өтемақы төлеуді және заңгерге жұмсалған шығынды өтеуді міндеттеген. Сондай-ақ олар ашық түрде кешірім сұрауға тиіс болған.
ОЛЬГА КОЛУЗАНОВА, ЖӘБІРЛЕНГЕН БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Менімен Дарикорнның жолдасы Дархан байланысқа шықты. Кешірім сұрау үшін бізбен кездескісі келетіндерін айтты. «Кездесуге блогерлер, дәмхана директоры да қатысады», — деді. Қалайда бұл істің дұрыс аяқталғаны керек. Олар менің талабымды, яғни соттың шешімін орындады. Бұдан артығын күткем де жоқ, басқа талабым да жоқ.
———————————————