СҚО-да Большая Малышка ауылының халқы эвакуацияланды

Еліміздің солтүстігінде тағы бір ауылдың халқы эвакуациялануда. Себебі өңірде тасқыннан қауіп сейілмей тұр. Құтқарушылар өткен түнде Большая Малышка ауылы тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіре бастады. Елді мекеннің шетіндегі топырақ үйіндісін екі жерден су шайып кеткен. Қазір 500-ге жуық азамат мұнда апаттың алдын алып, еңбек етіп жатыр. Тасыған Есілдің суы Петропавл қаласы аумағына да жайылып, саяжай үйлерін басып қалды.
Николай Деревянченко – Большая Малышка ауылының байырғы тұрғыны. Қария былтырғыдай тасқын қайталанбаса екен деп жанын шүберекке түйіп жүр. Себебі ол өткен жылы су басқан баспанасын әлі қалпына келтіріп үлгермепті.

НИКОЛАЙ ДЕРЕВЯНЧЕНКО, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Түнгі сағат екіде бәрімізді оятып, эвакуация басталғанын айтты. Күн жарықтанған соң байқасақ, топырақ үйіндісін екі жерден су шайған екен. Бәрі жұмыс істеп жатыр. Дегенмен қорқыныш бар.

Қазір ауылда Қарағанды, Ақмола және Қостанай облысынан келген құтқарушылар еңбек етіп жатыр. Ұлттық Ұлан сарбаздары да осында. Яғни 500-ге тарта адам табиғи апатпен күресуде.

ЖАЛҒАС НҰРҒАЛИЕВ, САРБАЗ:
— Жаңбыр жауғанына қарамастан қызу жұмыс атқарып жатырмыз. Тепличное ауылында жұмыс істедік. Заречное ауылында жұмыс атқардық. Ол жақтада осылай қапқа құм толтырып, тасып көмектесіп дамбаны толтырғанбыз.

Елді мекенде 600-ден астам адам тұрады. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша халықтың алды туған-туыстарын паналап кеткен.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 20-жуық адам эвакуацияланды. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, аяғы ауыр әйелдер, балалар бар. Тағы 130 азамат көрші ауылдардағы туыстарына қоныстанды. 70-тен астам мал басы қауіпсіз жерге шығарылды.

Өңірде тасқынның үшінші толқыны жүріп жатыр. Есіл тасып жан-жаққа жайылуда. Қала шетіндегі саяжай учаскесінде орналасқан бапаналарға да су кірді.

ЕВГЕНИЙ ЖУРАВЛЕВ, СҚО ТЖД БАС МАМАНЫ:
— Бұл саяжай қауымдастықтары өзеннің төменгі жағында тұр. Сондықтан оларды жылда су басады. Жалпы Петропавл қаласымен Қызылжар ауданының 6 ауылында қазір тасқынға қарсы жұмыстар қызған. Облыста мың жарымнан астам адам күнді-түні қызмет атқаруда.

Айта кету керек, Петропавлда әзірге су деңгейі бір қалыпта тұр. Заречный кентімен Прибрежное ауылы аралда қалды. Көлік қозғалысы тоқтағандықтан, халық қайықпен қатынауға мәжбүр.
———————————————