«Ұмытылған қаһармандар»: елеусіз қалған ерлер ұлықталды

Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Бұл Жеңіс оңай келген жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізде қасірет көрмеген, соғыстың ащы дәмін татпаған отбасы некен-саяқ еді. Бірі әкесінен, бірі анасынан, бірі баласынан, тағы бірі бауырынан, енді бірі асыл жарынан айырылып, қара жамылды.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Осынша уақыт өтсе де, сол майдан даласында мерт болғандар жайлы әлі күнге дейін толық зерттеліп болған жоқ.
Бейбіт заманда зерттеліп, батырларымыздың ерлігі енген «Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа еңбекке Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған 133 майдангер туралы мәлімет енгізілген. Олардың көпшілігі – жаяу әскер. Сондай-ақ артиллерист, пулеметші, сапер, танкист, атқыш, мерген, санитар, байланысшы, кавалерист, десантшы, әуе десанты, ұшқыш, инженерлік әскер бар. Олар – соғыста көзсіз батырлық көрсетсе де, ерлігі бағаланбай кейіннен ұлықталғандар.

Аға лейтенант Рахметов төрт танктен құралған топты басқарып, Кореневка ауылы маңында жауға қатты соққы берді. Рахметов жолдастың тобы жаудың 8 зеңбірегін, 3 минометі мен 15 пулеметін жойды және ішінара қолға түсірді. 120 жәшік оқ-дәрі мен минаны тартып алып, 8 танкті істен шығарды және 175-тен астам неміс солдаты мен офицерінің көзін құртып жойды.

ИБРАГИМ СҮЛЕЙМЕНОВ:
«Мен соғысты Мәскеу түбінде бастадым. Колхозшылардың, әйелдердің және олардың балаларын атып тастағанын өз көзіммен көрдім. Үйлерге кіргенде, адамдар маған фашистердің оларды қалай азаптағанын айтып беретін. Сол күндері мен өзіме мерген болуға ант бердім. Егер фашистерді тоқтатпасақ, олар менің туған жерім — Қазақстанға дейін жетуі мүмкін деп ойладым,
Ерліктері ескерілсе де, дер кезінде еленбей қалған батырдың бұдан да көп екені белгілі. Есімі атаусыз, өздері елеусіз қалған ерлерді ұлықтау үшін жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Әттең, әзірге қан майданда еріксіз тұтқындалып, өмірінің соңына дейін жаумен алысқан батырлар жайлы дерек аз.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙ ДИРЕКТОРЫ:

— Сол сияқты тұлғаларды зерттеу керек. Ондай қазақтардың арасында да болды. Тұтқынға түссе де, немістердің арасында жүрсе де, оларға қарсылық білдіріп, концлагерде ерлікпен қайтыс болған қазақтар бар. Өкінішке қарай, олар зерттелмей жатыр.

Қан майданда із-түзсіз жоғалғандар қаншама?! Солардың бірі – осыдан 2 жыл бұрын ғана бейіті Берлиннің түбінен табылған Дайыр Қанапьянов. Ол Ақмола облысының Қаратомар ауылынан соғысқа аттанған. Взвод командирі болып, қан майданда талай ерлік көрсеткендігін де ұрпақтары жақында біліпті. Оның марапаттары Ресейдің Подольскі қаласының мұрағатында жатыр екен.

АЗАМАТ ҚАНАПЬЯНОВ, СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ҰРПАҒЫ:
— Бірақ кішігірім қиындыққа тап болдық, кей құжаттарда атамыздың есімінде Дайыр, Тайыр немесе фамилиясында жіберілген қателіктерге байланысты ол құжаттарды ала алмай отырмыз. Біздің арманымыз сол атамыздың марапаттарын алып, өзіміз және өзімізден кейінгі ұрпаққа қалдырсақ дейміз, атамыздың жасаған ерлігі үлкен өнеге болатын еді.

Дайыр Қанапьяновтың ұрпақтары: «Туған жерден бір уыс топырақ апарып, аталарының басына құран бағыштасақ», — дейді
9 мамыр – Жеңіс күні. Әрине, уақыт өткен сайын өткен күндерге деген көзқарас та өзгеріп отыратыны белгілі. Алайда Жеңіс күнінің біз үшін, бізді өмірге әкелген әкелеріміз бен аналарымыз үшін маңызы зор. Себебі бұл күн – бейбіт өміріміздің бастауы, Жеңісті жақындатқан, болашақ ұрпақ үшін жанын қиғандарды еске алу күні. Осы азат таңымыз үшін жанын құрбан еткен боздақтарды ешқашан ұмытпауымыз қажет.
———————————————