Шу аудандық ауруханасындағы жүкті әйелдің өліміне қатысты айқайдан кейін перзентхана бөлімі жабылды. Жамбыл облысындағы медицина мекемелері жаппай тексеріліп жатыр. Денсаулық сақтау министрі брифингте, аталған дерекке қатысты комиссия жұмысы әлі бітпегенін айтты.
Жамбыл облысында жүкті әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. Дәрігерлер: «Қай жерде қандай кемшілікке жол бергені туралы анықтаманы полицияға бердік», — дейді Денсаулық сақтау министрі. Сол оқиғадан кейін жұмыстан шеттетілген Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне әлі оралмаған.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА – ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Қылмыстық құрам бар. Қылмыстық іс аяқталмай, біз қосымша ешнәрсе айта алмаймыз. Бірақ барлық деңгейдегі медициналық қызметтің жіберген кемшіліктеріне сараптамалар жасалды. Жамбыл облысы бойынша осындай жүйелі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде марқұм босанған аудандық ауруханадағы перзентхана бөлімшесін жаптық.
Ақмарал Әлназарова әскерде жүріп, мүгедек болған Ербаян Мұхтардың жағдайын да айтып берді. Министрдің айтуынша, Ербаянның диагнозы қиын. Жарақатпен бірге денесіне инфекция түскен. «Жігіттің ата-анасымен оны тағы да Түркияда немесе басқа мемлекетте емдетуді ұйымдастыру туралы сөйлестім. Бірақ олар Қазақстанда ем алуға келісіп отыр», — дейді Денсаулық сақтау министрі.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА – ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Ербаян Мұхтардың денсаулығы Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан үнемі бақылауда. Ата-анасымен бірнеше күн бұрын кездестім. Жағдайы тұрақты. Оңалту қызметін алу қажеттілігіне байланысты Ұлттық медицина орталығына күні кеше Ербаянды жатқыздық. Қасында әкесі бар. Тиісті көмекті алып жатыр.
Министр дәрігерлер жалақысының кешігуіне қатысты да пікір білдірді. Ол медициналық ұйымдарды қаржыландыру жағынан бірқатар проблема бар екенін мойындады. Наурыз айының жалақысын төледік, сәуірдің жалақысы 2 мамырда түсетін транштан төленеді деп уәде берді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.