Ақтөбеде үйлердегі лифтінің көбі әбден ескірген. Қазір қалада 138 жеделсатыны ауыстыру керек. Себебі олардың қызмет ету мерзімі өтіп кеткен. Халық болса жазым болып қаламыз ба деп алаңдауда. Әсіресе жоғары қабатта тұратын тұрғындарға мініп-түсу оңай емес. Халық мәселені шешіп беруді сұраған. Алайда 3-4 жылдай уақыт өтті, түйткіл сол күйі тарқатылмапты. Оған не себеп?
Мына лифтінің тоқтап тұрғанына 4 жыл болды. Себебі құрылғының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Тұрғындар оны ауыстыру үшін әкімдікке талай рет барып, өтініш жазған. Бірақ мәселе сол күйі шешілмепті. Ал лифтінің құны болса, уақыт өткен сайын қымбаттауда.
ЖӘНИЯ ХӘКІМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің көшіп келгенімізге үшінші жылға кетіп бара жатыр. Басында лифт жұмыс жасамайтынын білген жоқпыз. Өте қиын, түсіп-мінуімізге. Балалардың мектепке барып-келуі бар. 3 айлық қызым болған соң далаға шығарамыз. Өте-өте қиын бізге. Лифтіні жөндеп бергенін қалаймыз және сұраймыз.
НАТАЛЬЯ КРУПОДЁР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— 9, 8-ші қабатта тұратындаға оңай емес. Мен өзім 4-қабатта тұрамын. Күйеуім болса мүгедек. Өзі жүре алмайды.
Сорақысы соңғы екі жылда қалада бірде-бір лифт ауыстырылмаған. Әкімдіктегілердің айтуынша, оған қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр. Бүгінде шаhарда 138 жеделсаты жаңғыртуды қажет етеді. Ал бұл мақсатқа шамамен 1,6 миллиард теңге қажет.
НҰРЖАН НАҒЫМБЕТОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— 2024 жылдың ақпан айында Астана қаласына республикалық бюджетте бюджетік өтінім ұсынған болатынбыз. Бірақта қазіргі уақытқа дейін ол жобалар ешқандай қолдау тапқан жоқ. Және де ол жобалар бойынша 2025 жылы наурыз айының басында қайталап бюджеттік өтініш жолданды. Бірақ бүгінгі күнге дейін ол бойынша жауаптар жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 7 жыл бұрын Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің бірінде журналист Айзат Әбдісамат мерт болды. Қайғылы оқиғадан кейін қалада лифт шаруашылығын ретке келтіру бойынша шаруалар қолға алынып, қызмет көрсететін ұйымдарға қойылатын талап та күшейтілгендей болған еді. Алайда уақыт өте келе жұмыстар мүлдем тоқтады. Сондықтан жаңғырту жұмыстары қашан басталатынын әзір белгісіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.