Қызылорданың автосалонында бір көлікті бірнеше адамға сатқан

Автосалоннан сатып алған көліктерін тізгіндей алмаған бір топ қызылордалық шарасыз күйде сандалып жүр. Салон иелері тұрғындардан құны 6 мен 12 миллион теңге тұратын 10-нан астам жеңіл көлік сатып алып, ақшасын төлеуде созбалаңға салады. Шыдамы сарқылған көлік иелері сотқа жүгінеді. Тергеп-тексеру барысында бір қозғалыс құралы бірнеше адамға сатылғаны анықталады. Сот автомашиналар алғашқы иелеріне қайтарылсын деген шешім шығарады. Адал ақшасын төлеп, темір тұлпар тізгіндейміз деген 20 шақты сырбойылық болса сан соғып қалып отыр.
Күлімшат Еркін 12 миллион теңгеге несие рәсімдеп, автокөлік сатып алған. Жарты жылдан бері бала-шағасының аузынан жырып 351 мың теңге төлеп отыр. Әлі 5 жылы бар. Алайда игілікке мінемін деген көлігі айып тұрағында тұр. Сот шешімімен ол енді бастапқы иесіне қайтарылуға тиіс.

КҮЛІМШАТ ЕРКІН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Не үшін өзімнің атымда тұрған заңды автокөлігімді біреуге беруім керек? Өзімнің адал еңбегіме алған көлігімді өзімізде қалдыруын талап етемін. Біреудің кінәсі үшін біз үшінші тұлға ретінде жауап беруге тиісті емеспіз.

ГҮЛСАРА ИГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Судья тек жәбірленуші жақтың шешімін қабылдады, біз сөйлей де алмадық. Біздің алған көліктерімізді тартып алып, ол жаққа беріп жатыр. Біз оған нарызымыз.

Кейбір автокөлік әлі күнге банкте кепілде тұр. «Бірақ олардың өкілдері сот процесіне шақырылмады», — дейді заңгерлер. Оған қоса қорғалушымыздың «құқықтарына нұқсан келіп тұр» деп есептейді.

МАДИЯРОВ МҰХАМЕДҚАЛИ, ОБЛЫСТЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:
— Соттың үкімі ол конституциялық түрде қайшы болып тұрғаны меншік иелеріндегі автокөліктерді жәбірленушіге қайтарылсын дейді. Кейбір жәбірленушілер сотталушылардан автокөліктері үшін ішінара 5 млн теңге, 3 млн теңге ақша алғандары бар. Олар ақшаларын келісімшарт бойынша алып қойып тұр ғой, кейбірі жартылай алып қойған.

Қалалық соттың мәліметінше, даудың тұтануына себеп автосалон өкілдерінің бірі 4, екіншісі 4 жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Ал көлік пен қатар тірнектеп жиған қаржысынан айырылып, қарызға батқан тұрғындар әділдікті кімнен талап етерін білмей дал.
———————————————