2 келі картоп – 2800 теңге. Біреу картоп аламын деп өлшеп, кейін бағасын көріп, жағасын ұстап, картоп жемейтін болып кетсе керек. Көкөніс үйілген сөреде осындай түйіншектің бірнешеуі жатыр. Бағасы 1299 теңге болатын картоп көпшілік ойлағандай Астанада емес, Алматыдағы ірі супермаркет желісінде сатылып жатыр екен.
ЭЛЬБЕГИ ӘБДИЕВ, MAGNUM CASH&CARRY ЖШС БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз сатып алушыларымызға ұсынатын тауар ассортиментін көбейтуге тырысып жатырмыз. Желіге кіретін дүкендерімізде бағалары әртүрлі бірнеше картоп түрі сатылады. Алматыдағы дүкендерімізге бір келісі 1299 теңге тұратын жаңа жиналған Қазақстан картобы да келді. Дүкендерімізге келген әрбір сатып алушымыз бюджеті мен қалауына қарай картоп түрін таңдай алады.
Сауда орнының өкілі: «Сатылымда басқа да картоп түрі бар, халық қалтасы көтергенін алсын», — дейді.
Бағасы 1 200 теңгеден асатын картопқа Сауда министрлігінің де ешқандай сұрағы жоқ.
ТОЙГҮЛ ЖҰБАНИСОВА – САУДА МИНИСТРІЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Бұны фермерлерден өздері 1290 теңгеден сатып алады да, қазір 1299 теңгеден, яғни үстіне 9 теңге үстеме баға қосып сатып жатыр. Сауда заңнамасына сәйкес, кез келген кәсіпкер картоптың немесе әлеуметтік маңызы бар тауралардың ішіне кіретін тауарларға сауда үстемесін максималды тек 15% қоя алады. Бұл жерде Магнум сауда желісі ешқандай сауда үстемесін бұзбаған.
Ашық деректерде Алматыда картоп бағасын тұрақтандыру үшін биыл картоп өсірушілерден 9500 тонна картоп сатып алынды делінген. Осы сауда орнында әлеуметтік картоптың бір келісі 193 теңгеден сатылып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.