Түркістанда шегірткені улап жатыр

Түркістанда шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірдің тоғыз ауданында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Дәрілеуге 250-ден астам арнайы техника мен 900-ге жуық аспалы бүрку құралы қолданылып келсе, енді бұл тізімге 4 бірлік «АН-2» ұшағы қосылды. Әуе көлігі бір көтерілгенде 200 гектар аумақты химиялық өңдеуден өткізеді. Әр ұшақ күніне шамамен 5-7 рет ұшып, 5 мың гектар аумақты залалсыздандырып отырады. Жалпы қазір өңірде күніне 15 мың гектар жер шегірткеге қарсы дәріленіп жатыр. Облыс аумағында зиянкестерді улауға 41 қосалқы техника, бес газ генераторы және 12 дрон тартылған. Шегіртке дернәсілдері биыл Арыс қаласы аумағында ерте оянып, ошақтарда 3 сәуірден бастап жер бетіне шыққан. Мамандар дәрілеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр.
НҰРБОЛ БЕКМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БАСШЫСЫ:
— Бүгінгі таңда 250 мың гектар аумақта анықтау, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның 95 мың гектары химиялық өңдеуден өтті. Шыққан дернәсілдер қазір 2 жас кезеңіне өтіп отыр. 1 мамырда ересек кезеңіне өтеді, соған дейін біз толық дәріліп, аяқтауымыз керек.
———————————————