Сот орындаушылардың жұмысына халықтың көңілі толмайды

Сот орындаушылардың міндетінде мін көп. Тіпті олардан зардап шеккен азаматтар да бар. Борышкерлердің қарызы жылдан-жылға көбейіп барады. Азаматтардың сот орындаушыларға сенімі азайған. Мәселені шешудің тиімді жолы бар ма? Әділет министрлігі қандай жоба ұсынбақ?
Сот орындаушылардың жұмысына халықтың көңілі толмайды. Мына сандар соған дәлел. Былтыр 89 мың шағым түскен. Бұл алдыңғы жылдан 2 есе көп.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
— Өткен жылғы барлық өтініш пен шағымның жалпы көлемінен олардың үлесі 63% құрады. Көбіне өтініш берушілер орындау барысының ашықтығы мен ақпараттың жоқтығына, мәжбүрлеп орындату шараларының уақытылы жойылмауына, мүліктің сатылуына, алимент бойынша міндеттемелердің орындалмауына шағымданады.

Жеке сот орындаушылардан зардап шеккен азаматтар да бар. Прокурорлық тексеру барысында біраз былықтың беті ашылды. Қаржы жымқыру бойынша 600-ден аса дерек анықталды. Келтірілген залал 1 млрд теңгеден асады.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Прокуратураның ұсынысы бойынша әрқайсысының сайтына кірдік. Сонда қай сот орындаушыны лицензиясынан айырып отырсыздар? Жұмыс істеп жатыр ғой.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
— Лицензияны айыру мәселесі сот арқылы шешіледі. Сот қолдаса, тоқтатуға мүмкіншілігі болмайды.

Ал енді сот орындаушылардың жұмысы қатаң қадағаланбақшы. Әділет министрлігі осылай деп сендіріп отыр. Бұл атқарушылық істерді автоматтандыру арқылы іске аспақ. Цифрлық көмекші жүйесі жеке сот орындаушылардың жұмысын онлайн бақылауға мүмкіндік бермек.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Сот орындаушылардың жұмысына қатысты сын көп айтылып жатыр. Ал мына робот қызметкердің қатысуынсыз-ақ атқарушылық құжаттардың талаптарын өзі орындай алады. Яғни борышкерге хабарламаларды жолдайды. Жасанды интеллектің нәтижесі бар. Небәрі 7 айда осындай роботтардың көмегімен 176 атқарушылық іс бойынша, 3,5 млрд теңге өндіріп алынды.
Мәжілістегі Үкімет сағатында алиментті өндіріп алу жұмысының сылбыр екені айтылды. Борышкер ата-аналардың бала алдындағы берешегі 16 млрд теңгеден асады. Жыл басында 284 мың құжат орындауда болса, оның 4% алимент төлеуден жалтарып жүр. Тіпті мүлкі мен табысын жасыратындар да аз емес.

БОЛАТ КЕРІМБЕК, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Көп жағдайда жалақыны төмендетіп көрсету арқылы жұмыс беруші мен жұмыскер келісіп жатады. Бұл алимент төлеу кезінде де сот шешімдерінің орындалуына кедергі жасап жатады. Одан басқа мына мүлікке қатысты да үшінші тарапқа мүлікті жазу арқылы сот орындаушылардың шешіміне қарсылық білдіріп, толық орындалмайды.
ДӘУРЕН ТЕМІРБЕКОВ, ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Алиментті өндіріп алу бойынша тиісті тәртіп орнату керек. Ол бүгінде жоқ. Салық органдарына келетін болсақ, олар қалай анықтайды.
Бауыр еті баласынан ақшасын аяғандар онлайн казино мен букмекерлік кеңселерде бас тіккен. Осындай 1761 борышкер бар. Олардың қарызы – 2 млрд 600 млн теңге. Бұл – депутаттар келтірген мәлімет. Осы ретте жеке сот орындаушылар жұмысының тиімділігін арттыру көзделіп отыр. «Олардың лицензиясын тоқтатумен ғана шектелмей, жазаны қатайту керек», — деп есептейді депутаттар. Ол үшін жеке сот орындаушылардың қызметіне қатысты заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізілмек.
———————————————