Ақтөбеде балабақша құрылысы төңірегінде шу шықты

Ақтөбеде балабақша құрылысы төңірегінде шу шықты. Байқадам ауылының тұрғындары жылдар бойы күткен әлеуметтік нысанның орнына белгілі бір кәсіпкер дүкен мен автосервис тұрғызып жатқанын анықтаған. Жергілікті жұрт құрылысты тоқтатып, шенеуніктерден жауап талап етті. Ал жауаптылар тіпті облыс орталығының маңында қандай ғимарат салынып жатқанын да білмейтін болып шықты.
Ақтөбе маңындағы Байқадам ауылында жергілікті тұрғындар үйлерінің дәл алдында дүкені бар техникалық қызмет көрсету станциясы салынып жатқанына наразы. Ал аумақты бастапқыда мемлекеттік органдар ауыл тұрғындарына балабақша үшін бөліп берген. Бір жарым мыңнан астам адам тұратын елдім екенде бірде-бір мектепке дейінгі мекеме жоқ.

ДАНИЯР ШӘКЕНОВ, БАУЫРЛАСТАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— 10 соттығына сервис пен дүкен саламын, 20 соттығына балабақша саламын», — дейді. Мынандай тар көшеде балабақшамен бір ауласында сервис пен дүкен тұрады деген ақылға сыймайтын зат. Халықтың жанайқайының бәрі сол – балабақша деді ме, балабақша салынуы керек. Ауылда басқа балабақша салатын жер жоқ.

Ауыл тұрғындары облыстық прокурорға хат жазған. Олар меншік иесінен жерді мемлекет балансына қайтаруды талап етіп, құрылысты басқа инвестор қолға алуын сұраған. «Балабақшаның орнына бизнес нысандарын салуды ұйғарған кәсіпкерге сенім жоқ», — дейді тұрғындар. Бірақ жергілікті халықтың шуынан кейін кәсіпкер 20 гектар аумаққа балабақша салуға келісетінін мәлімдеді.
ҚҰДАЙБЕРДІ ТАПАЕВ, КӘСІПКЕР:
— Халық разылық берсе балабақша саламын, жобасын шамалы өзгертіп, ар жағын ойын алаңы қыламын. Бір емес, 2-3 ғимарат болады ғойХалық наразы болса, автосервис, дүкен де болмайды, тек балабақша қылып саламын.
Кәсіпкер жерді 2022 жылы аукцион арқылы алыпты. Бір жылдан кейін оған дүкені бар автосервис салуға рұқсат берілген. Алайда «не себепті әкімдік рұқсат берген, ал жер мониторингі бөлімі тұрғын алапта нақты не салынып жатқанын қадағаламаған» деген сауалға ешкім жауап бере алмады.
АЛМАТ ЫСҚАҚОВ, «АҚТӨБЕ ЖЕР МОНИТОРИНГІ» КММ БАСШЫСЫ:
— Мен қазір нақты не салынып жатқанын білмеймін. Қазіргі жобасында «диагностический центр с магазином» деп тұр. 2023 жылғы қыркүйекте берілген. Балабақша жоқ.
Байқадам ауылында балабақша қашан салынатыны әлі де белгісіз. Әкімдіктегілер жобаның нақты мерзімін де, мердігер компанияны да атай алмай отыр. Айта кетейік, бүгінде ауылда мектептен басқа ешқандай әлеуметтік нысан жоқ. Ал халық саны жыл сайын артып келеді.
———————————————