Қазақстан мен Корея жасанды интеллект саласында бірлескен жобаларды қолға алды

Қазақстан мен Корея жасанды интеллект саласында бірлескен жобаларды қолға алмақ. Осы істің басы ретінде оңтүстіккорейлік мамандар біздің қызметкерлерге жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйретіп жатыр. Екі елдің бұл саладағы саясаты жайлы бүгін Кореяның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған жиында айтылды. Семинар аясында екі елдің сарапшылары болашақта бірігіп жүзеге асыруға болатын жобаларға қатысты пікір білдірді.
Электроника саласында әлемдік көшбасшылардың бірі – Оңтүстік Кореяда қазір ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы ретінде жасанды интеллектіге үлкен мән беріліп жатыр. «Қазақстан да қалысар емес. Жасанды интеллекті күнделікті өмірде қолдануды жылдамдатып жатқан ел Орталық Азияның цифрлық хабына айналғалы тұр», — дейді Кореяның Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ-ик.

ЧЖО ТЭ-ИК, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:
— Қазақстанда жасанды интеллекті қолдану саясатына үлкен мән беріліп жатыр. Жасанды интеллектің көмегімен мобильді қосымша жасау, стартап құру жағы бізге қызық. Кореяда, мысалы, смарт-қала, смарт-ферма, медицина саласында жасанды интеллект қолданылады. Себебі елде қариялар көп, жұмысқа қабілетті жастар саны аз. Жұмыс күші жетіспейді. Осы салада жасанды интеллектің бізге көп көмегі тиіп жатыр.

Жасанды интеллект болашақта Қазақстанда, тіпті әлемде көп адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін елші жоққа шығармайды. Бірақ оның пікірінше, бір ұрпақ алмасқаннан кейін жағдай өзі реттеледі. Сондықтан қай ел болса да, қазірден бастап жасанды интеллектің ғаламдық трендінен құр қалмауы керек деген пікірде. Ол Корея Қазақстанмен AI саласындағы тәжірибесін бөлісуге дайын екенін білдірді. Қазірден қазақтың «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы Кореяның National Information Society Agency ұйымымен бірлесіп, біздің мемлекеттік қызметкерлерді деректі басқару және машина оқытуға үйретіп жатыр. Біздің елде жасанды интеллект экожүйесі шоғырланатын Alem.AI орталығы құрылмақ. Мемлекет оған қажет инфрақұрылым мен кадр даярлауға кіріскен.

ӘЛІБЕК САЙЛАНБАЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мысалы, инфрақұрылым туралы айтсақ, қазір біз графикалық процессорларға тапсырыс беріп, күтіп отырмыз. Өзіміздің суперкомпьютеріміз болады деп күтіп жүрміз. Мамандарды даярлау үшін 5 жылда 1 миллион адам оқытамыз деп үміттенеміз.
Цифрлық даму министрлігінің өкілі елде жасанды интеллекті қолдану аясы кеңейіп жатқанын айтады. Астана хабта орналасқан 1500 компанияның 10% AI-ді қолданады. Министрлік былтыр жасанды интеллекті дамытудың бес жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдаған. Ал тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.
———————————————