«ГӘП» отандық фильмі көрермен назарына ұсынылады

Үш күннен кейін «ГӘП» жаңа отандық фильмі көрермен назарына ұсынылады. Комедиялық туынды желісінде ай сайынғы кездесудің сән-салтанатын асырамын, деп бақталас жандарға айналып кеткен 5 ерлі-зайыптының әрекеті көркем суреттеледі. Бірінен-бірі озғысы келетін отбасылардың бірі қызды-қыздымен Камбоджаға аста-төк дастарқан жаяды. Бірақ шетелдік саяхат жұптарды біраз әуре-сарсаңға салады. Үнді-қытай аралдарында түсірілген киноның алдын ала көрсетіліміне Камбоджаның туризм министрі Кхон Тхонг арнайы қатысты.
Шетелдік делегацияны қонақжай қазақ жұрты ерекше қошеметпен қарсы алды. Алматы әуежайына жиналған өнерсүйер қауым ән-жырдан шашу шашып, оңтүстік-шығыс Азиядан келген меймандарға бауырсақ пен қымыз ұсынды.

КХОН ТХОНГ, КАМБОДЖА ТУРИЗМ МИНИСТРІ:
— Сіздердің достық пейіл, жылы әрі қонақжайлылық қасиеттеріңіз тұтас қазақ халқының мейірбандығын көрсетеді. Камбоджада кездескеннен бері қос тараптық қатынас пен әріптестік тұрғыдағы байланыс күн санап беки түскенін байқадым.

Камбоджада комедияның түсірілімі 22 күнге созылған. Монархиялық мемлекеттің басшылығы қазақстандық киноматографтарға түртілмеген тұмса табиғаты бар аймақтарда жұмыс істеуге рұқсат берген.

НҰРГҮЛ ДАУБАЕВА, «ГӘП» ФИЛЬМІНІҢ ПРОДЮСЕРІ:
— Көптеген локацияны қазақтарға деген құрметке орай мұсылмандарсыздар деп елеп-ескеріп, тегін берді. Мұндай жағдай өзге мемлекеттерде болмайды. Сонымен қатар киноның ерекшелігі сценарий құрылып жатқан кезде психологтар әрбір кейіпкерге портрет құраған болатын. Өкініштісі, өмірде көпшіліктің бойынан қабылдамайтын тұстар көріп жатамыз. Бірақ адамдардың не себепті сондай болуына не түрткі болғанын фильмде көрсетіп, ақтап алатын боламыз.

Кинотуынды желісі бойынша көп жыл бойы «алтын» касса ойнайтын 5 отбасының өмірі баяндалады. Ерекшеленуді қалаған ерлі-зайыптының бірі кезекті жүздесуді Камбоджада ұйымдастыруды ұйғарады. Бірақ олар өздерін қызықты әрі қауіпті оқиғалар күтіп тұрғанын білмеді.

АЛТЫНАЙ ЕРГЕНБАЕВА, «ГӘП» ФИЛЬМІ ПРОМОМАРКЕТИНГ БАСШЫСЫ:
— Апаларымыз, аналарымызда «Гәп» деген ойын болды. Қара касса деп айтады ғой. Мағынасы бір. Екінші мағынасы қазақта мұнда бір гәп бар дейді. Яғни, астары бар деген сөз. Бұл – фильм комедиялық жанрда болғанымен, астары бар фильм.

«ГӘП» кинотуындысы отандық кинотеатрлар желісіне 24 сәуір күні шығады. Үнді-қытай аралында түсірілген комедия осы маусымның үздік жобасы болары сөзсіз.
———————————————