Руслан Берденовті атқан күдікті қамауға алынды

Берденовтың беті бері қарады. Оқ тиіп жараланған Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына операция жасалды. Өміріне қауіп жоқ. Оны атқан күдікті қамауға алынды. Ал бұл қылмысқа не үшін барғаны белгісіз. Тергеу жүріп жатыр.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Қарулы шабуыл дәл осы әкімдік ғимаратының алдында болған. Шенеунікке оқ атқан ер адамды ұстауға жүргізушісі көмектескен көрінеді. Басшысына оқ тигенін көрген ол күдіктіні көлікпен қағып тоқтатқан. Дегенмен бұл ақпарат әзірге полиция тарапынан расталған жоқ.

Оқиға 21 сәуір кешкі 20:30 шамасында болған. Полицияның мәліметінше, әкімнің орынбасарына «Сайга-12» мылтығынан үш рет оқ атылған. Оның екеуі Берденовтің жамбасы мен иығына тиіп, ауруханаға жеткізілді. Шабуыл жасаған күдікті оқиға орнында ұсталды.

Кейбір ақпарат көздері күдікті бұл әрекетке қызғаныштан барған болуы мүмкін десе, тағы бір дереккөздер бұл оқиғаны қызметімен байланыстырады. Бірақ мұның бәрі – бейресми дерек. Полиция ресми нұсқаны жариялаған жоқ. Тек осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Ал күдікті қалалық әкімдікке қарасты құрылыс компаниясының бұрынғы қызметкері болып шықты.

ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
— Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Алайда «қызғанышқа» себеп болған әйел Берденовпен мүлдем таныс емес екенін жеткізді. Бұл туралы қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова фейсбуктағы парақшасында мәлімдеді. Ал әкім орынбасарына шұғыл операция жасалды. Дәрігерлер: «Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», — дейді.
БАҚЫТЖАН АБДУЛЛАЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ота барысында қан кету тоқтатылды, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілді. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ. Жалпы жағдайы ауыр, динамикада қалыпты. Барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Айта кетейік, Руслан Берденов ақпан айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұған дейін Мәжіліс депутаты болған еді.
———————————————