Ақтөбеде тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрағасы 6 жылға сотталды

Ақтөбеде тұрғын үй құрылыс кооперативінің төрағасы 6 жылға сотталды. Оған 75 адамды алдады деген айып тағылды. 6 жыл бұрын екі көппәтерлі үй салу үшін тұрғындардан 420 млн теңге жинап алған. Бірақ не ақша, не үйдің бетін көрмеген салымшылар сотқа жүгінген. Төрағаның үлескерлермен жұмыс істеуге заңды рұқсаты болмапты. Айыпталушы сотта барлық тараппен келісім жүргізіп, келтірілген шығынды өтейтінін айтты. Жалпы бұл оның бірінші рет жасап отырған қылмысы емес. Бес жыл бұрын құрылыста жауапсыздық танытқаны үшін жарты жылға бостандығы шектелген.
ҚУАНЫШ КҮЗЕНБАЕВ, ПРОКУРОР:
— Жалпы сомасы 421 миллион 955 мың 4 теңге болатын ақшалай қаражаттың 237 миллион 72 мың 496 теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалған. Ал қалған 184 миллион 882 мың 508 теңгені ұрлап, өз қалауына пайдаланған. Құқық қорғау органдары қалған 76 пәтерді қоса алғанда, алдағы уақытта алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін соңғы кооператив қызметкерін ұстады.
———————————————