Петропавл іргесіндегі Заречный кентіне барар жолды су басты. Есіл ернеуінен асқан. Жол қозғалысы шектелді. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды әрі-бері арнайы техникамен тасып жатыр. Ал өңірге көмекке барған әскерилер бөгет салуға жұмылдырылды. Тасқыннан Прибрежное және Тепличное ауылдарына да қауіп төніп тұр.
Қала аумағында Есіл өзені көтеріліп, Заречный кентіне баратын екі бірдей жолды су басып қалды. Қазір аудан қоршауда. Көлік қозғалысы қиындады. Сондықтан құтқарушылар жергілікті тұрғындарды арнайы техникамен тасымалдауға көшті.
Осыдан бір жарым ай бұрын өңірге Қарағанды және Алматы облысынан көмекке келген әскерилер қазір осы Заречный шағын ауданында бел жазбай еңбек етуде. 100-ге тарта сарбаз саяжайдағы баспаналарды жағалай қоршап, бөгет тұрғызып жатыр.
ДОСЖАН ТӘЛІП, ӘСКЕРИ БӨЛІМНІҢ РОТА КОМАНДИРІ:
— Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен дамбаның жанында орналасқан ауылдың, адамдардың үйлеріне бөгет істеп, соларға көмектесіп жатырмыз. Су тасқынының алдын алып, сол су тасқынының деңгейі түскенше СҚО-дағы тұрғындарға көмек көрсетеміз. Бескөл, Прибрежное, Тепличное ауылында және осы Заречный ауылында бөгет жасадық.
Қазір өңірде тасқынның үшінші толқыны жүріп жатыр. Сергеев қоймасынан аққан су сәуір айының соңында Петропавлға жетеді. Яғни Есіл тағы көтеріледі деген сөз.
ЕВГЕНИЙ ЖУРАВЛЕВ, ТЖД БАС МАМАНЫ:
— Қалада су деңгейі артуда. Алайда алаңдауға негіз жоқ. Себебі былтырғыдай тасқын болмайды. Біз күндіз-түні мониторинг жасап, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Дегенмен халық қауіпсіздік ережелерін сақтауға тиіс. Бұл маңда нақты қанша саябақ учаскесін су басқанын қазір дөп басып айту қиын. Біз оны артынан есептейміз.
Заречный кентінде 250 үй бар. Онда 600-ден астам адам тұрады. Есіл өзенінің бойында орналасқандықтан, жылда су басады. Сол себепті жергілікті билік биыл халықты басқа жаққа көшіріп, ауданды біржола жабуды жоспарлап отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.