Қазақ әдебиетінің классигі Әкім Тарази дүниеден озды. Қазақтың қара нары, белгілі драматургтің ақтық демі 92 жасқа қараған шағында үзілді. Қаралы хабарға байланысты Мемлекет басшысы жазушының жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.
АСХАТ МАЕМИРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
— Әкім Тарази аға – бір өзімен бірге ХХ ғасырдың үлкен бір рухани көшін XXI ғасырға жалғастырған, Тәуелсіз Қазақстанымыздың да әдебиетін жасасқан көрнекті тұлға, классик-жазушы, драматург. Сонау Әуезов атындағы театрда алғақшы драматургиялық туындысы – «Күлмейтін комедия» басталды. Бұл тұрғыда айтсақ, драматург ретінде танимыз. Сонымен бірге сонау «Тұлпардың ізі», «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай» сияқты небір керемет кинотуындыларда киносценарист ретінде өзін киносаласының майталманы ретінде де биікке көтерген адам.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.